Құрылыс

Облыс әкімі құрылыс нысандарын аралады

Ескі ықшам аудандардың жаңа тынысы. Облыс орталығында үлкен өзгерістер орын алмақ. Атап айтсақ, биыл Ойқала, Зайсан мен Қапайда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. Ал Жас өркендегі еңкіш тартқан жер үйлерді сүру бойынша шаруа жалғастырылмақ. Баспаналардың орнына әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтереді. Сондай-ақ, биыл жаңа қазақ театры мен “Достық MALL” ойын-сауық орталығы қолданысқа тапсырылады.

Мына жерде болашақ қазақ театры бой көтеруде. Ғимарат құрылысына 3 млрд теңге жұмсалмақ. Бір уақытта театр 500-ге тарта өнерсүйер қауымды қабылдай алатын болады.

Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Ғимараттың қаңқасынан оның биіктігін көруге болады. Қазір металл құрылымдарды орнатып жатырмыз. Бірінші қабатта бетон құюды аяқтап қалдық.

Әзірге, мердігер құрылыс кестесінен сәл қалыс келеді. Сөздерінше, жобада бірнеше олқылық бар. Алайда компания өкілдері су жаңа театр ғимаратын қыркүйекке дейін салып береміз деп уәде берді. Маңызды жайт, нысанның қаңқасын құрайтын металл құрылымдар Петропавлда әзірленген, құрылысшылар да жатжерліктер емес, өзіміздің азаматтар. Жалпы, соңғы бірер жылда Жас Өркен ықшам ауданы адам танымастай өзгерді. Ескі жер үйлер сүріліп, орындарында жаңа көпқабатты баспаналар мен әлеуметтік ғимараттар бой көтеруде. 7 бірдей кварталды қамтитын құрылыс жұмыстарының жобасы қала тұрғындары үшін ыңғайлы етіп жасалған.

Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Ықшам ауданда балаларға арналған орталықтар, мектеп және медициналық мекемелер болады. Адамдарға ыңғайлы болсын деп, Тәштитов және Горький көшелерінде жаяу жүргіншілер аймағын жасаймыз.

Бұл жерде 10 және 17 қабатты тұрғын үйлер салынады. Жобалық-сметалық құжаттары әзір. Баспаналардың бірінші қабаттарында дүкендер, әсемдік салондары мен балаларға арналған шағын орталықтар орналасатын болады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Құрылысты бастау үшін ескі үйлерді сүруге барлығы дайын. Көпқабатты баспаналарда тұрғындарға барлық жағдайлар жасалады. Көшені кеңейтеміз, жүргіншілер аймағын жасаймыз, аумақты абаттандырамыз. Осылайша, адамдардың осы үйлерден пәтер алуға құлшыныстары оянады.

Шаһардағы ең көне саналатын Потанин көшесін де ауқымды оң өзгерістер күтіп тұр. Ойқала ықшам ауданында білдей бір ашық аспан астындағы музей жасалмақ. Жартылай жер астына кіріп кеткен көне баспаналардың орнын әдемі ағаш үйлер басады. Тағы декоративтік шамдар орнатып, қайың мен шетен көшеттерін отырғызу жоспарда.

Серік Мұхамедиев, СҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

– Бұл жерде шіркеуге келуші діндарлар жиналатын алаң жасаймыз. Ал жақын маңда шіркеу заттары саудаланатын орын болады. Сондай-ақ, мектепке де баса назар аударып отырмыз. Ол жақсы көріну үшін жақын маңдағы ескі, ұсқынсыз үйлер сүріледі.

Мына мәдениет ескерткіші де жақын арада толықтай қалыпқа келтіріледі. Осыдан бір ғасыр бұрын бұл көпес Шамсутдиновтың үйі мен дүкені болған. Кеңес үкіметі кезінде мұнда партияның облыстық комитеті, кейін өңірлік аурухананың корпусы орналасты. Алайда, соңғы 30 жылда ескерткіш қаңғыбастар мен нашақорлар жиналатын орынға айналып кеткен. Ал өткен жылдың қыркүйегінде ғимаратты кәсіпкер Андрей Исаков сатып алды.

Андрей Исаков, кәсіпкер:

– Ғимарат 89-жылдан бері бұрынғы қожайынға тиесілі болған. 30 жылдай ол қараусыз тұрды. Нысанның жағдайы мүшкіл болатын. Бұл – болашақ сауда орнының сызбасы. Оны біз алматылық компаниямен бірлесіп әзірледік.

Бірінші қабатта – супермаркет, ал екіншісінде сауда павильондары мен кеңселер орналасады. Ғимарат аумағын абаттандырып, Пушкин мен Театральный көшелерін қосатын жол салу да көзделген. Биыл нысанның терезелері салынып, шатыры жабылып, қасбеті қалыпқа келтіріледі. Ал қыста әрлеу жұмыстары басталады. Қайта қалыпқа келтіру шаралары 21-ші жылы толығымен аяқталмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл аумақ қоқысқа толы болатын. Қаңғыбастардың мекеніне айналған еді. Бірнеше мәрте осы жерге келіп, оны өз көзіммен көрдім. Енді нысан қалыпқа келтіріліп, қолданыста болатыны көңіл қуантады.

Төбесі биік, іші кең әрі жарық. Болашақ «Достық MALL» ойын-сауық ортылығы осындай болады. Нысанның дәл ортасында алып атриум жасалады, ал шыны күмбездің астында сахна орын теппек. Мердігерлердің айтуынша нысанды қолданысқа тапсыру шілде мен тамыз айлары аралығына жоспарланып отыр.

Биыл маусым айында облыс орталығында тағы 900 орынға шақталған мектептің құрылысы бастау алмақ. Зайсан ауданында бой көтеретін нысан келесі жылғы қыркүйекте қолданысқа тапсырылады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жерде 40-тан астам үй сүрілетін болады. Олардың орнына тұрғындар пәтерге қол жеткізеді. Немесе ақшалай да өтемақы алу мүмкіндігі бар. Былтыр қалалықтардың тек 8 пайызы қаржылай алды. Қалғандары жаңа баспанаға көшті.

Қоныс тойын Первомай көшесінде орналасқан мына апаттық деп танылған 4 үйдің қожайындары да тойламақ. Бұл жандарға Береке ықшам ауданынан пәтерлер беріледі. Айта кетер болсақ, бүгінде Петропавлда осындай 17 апаттық үй бар. Бұдан өзге, Қапай ықшам ауданын абаттандыруға да үлкен көңіл бөлінеді. Екі аптадан кейін қала басшылығы облыс әкіміне бұл аумақты қалыпқа келтірудің тұжырымдамасын ұсынуы тиіс.

 

 

Саят Ермек