Спорт

“Мен чемпион” спорттық ойындары аясындағы финалдық кездесу

“Мен чемпион” спорттық ойынының облыстық кезеңі аяқталды. Барлығы – 13 команда үздік атану үшін 2 күн бойы бақ пен бап таластырды. Мықты құрама өңір намысын республикалық кезеңде қорғайды.

Қазір 3-ші орынға талас жүріп жатыр. Ойын алаңында – Мамлют пен Шал ақын аудандарынан келген оқушылар. Жобаның шарты бойынша әр команда 5 түрлі сайыс пен капитандық жарыстарда бақ сынады. Нәтижесінде, мамлюттіктер ұтылып қалды.

Бақтияр Анура, “Барыс” командасының капитаны, Шал ақын ауданы:

 – Келесі жылы тағы дайындалып. 1-ші орынға таласамыз.

Бұл ойында команданың ұйымшылдығы сыналады. Ұл-қыздар жұмылған жұдырықтай әрекет жасаса қарсыластан жеңісті жұлып алу оңай. Сонымен, кездесулердің қорытындысы бойынша қола медаль – шалақындық “Барысқа”, күміс ақжарлық “Салауатты ұрпақ” командасына бұйырды. Ал алтынды есілдік «Олимп» құрамасы еншіледі.

Диас Жалмахин, “Олимп” командасының капитаны, Есіл ауданы:

– Қарсыластар жақсы өнер көрсетті. Бірақ та біз оларды ұтып, 1-ші орынға ие болдық. Біз бірнеше кездесу өткіздік, барлығын жеңдік. Дұрыс ойын көрсеттік деп ойлаймын.

Бұл есілдік ұл-қыздардың алғашқы ойыны емес. Былтыр да республикалық кезеңге қатысқан болатын. Бірақ, онда жүлделі орын алмапты. “Олимп” командасы биыл тағы да ел көлемінде өтетін жарысқа қатысып, үздіктер қатарынан көрінуді көздеп отыр.