МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы талқыланды

Солтүстік Қазақстанда еңбек күші жетпейді. Осы мәселені шешу үшін өңірге “Серпін” және “Нұрлы көш” бағдарламалары бойынша адамдар келіп жатыр.

Елімізде осымен үшінші жыл “Нұрлы көш” бағдарламасы жүзеге асырылуда. Жоба көмегімен кей өңірлердегі кадр тапшылығы мәселесі шешіліп жатыр. Солтүстік Қазақстан – солардың бірі. Халқы көп, жұмыс жетіспейтін облыстардан келген қандастарымызға мұнда жұмыс, жеңілдікпен баспана және көтермеақы беріледі. Алайда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, бағдарлама талаптары кейде сақтала бермейді.

Бердібек Сапарбаев – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

– Қай өңірде көшіп келгендердің қанша пайызы жұмысқа орналасқанына тоқталайын. Өкінішке орай СҚО-да 65 пайыз, Павлодар және ШҚО-да 77 пайыз. Бұл енді біздің кемшіліктеріміздің бірі болып есептелінеді. Сондықтан, ШҚО, СҚО, Қостанай облысының басшылары осыған көңіл бөлулері керек. Өздеріңіз жақсы білесіздер, егер оларды біз жұмысқа орналастармасақ, онда олар ертең қайтадан көшіп кетеді.

Жиынға онлайн режимде Түркістан облысы әкімінің орынбасары қатысып отыр. Себебі, қоныс аударушылардың басым бөлігі теріскейге осы өңірден көшіп келеді екен. Бүгінде өз ұсыныстарымен Түркістанға 173 жұмыс беруші барған. Олар түстік тұрғындарына 3 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр. Алайда, азаматтарды алаңдататыны – қызметке тұру емес, баспана мәселесі.

Ербол Садыр, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

– Барлық солтүстік өңірлерменен арнайы меморандум жасадық. Енді осы өңірлерден кезең-кезеңменен арнайы өкілдер келіп, облысты аралап, халықпенен кездесулерді тұрақты түрде өткізіп жатыр. Бүгінге дейін 10 арнайы топ келді.

Маржан Уәлиеваның да ұсынысы бар. Ол жұбайы және үш баласымен бізге 2016 жылы қоныс аударған. Жамбыл ауданына келіп, жұмыс тауып қана қоймай, мал алып, шағын шаруа қожалығын да ашқан. Осылайша, 2 отбасын еңбекпен қамтыған. Ал жуырда Түркістан облысынан тағы 13 қоныс аударушыны тартыпты.

Маржан Уәлиева, қоныс аударушы, Жамбыл ауданы:

– Монша, химиялық тазарту, автожуу бойынша құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. жақында ДСП, ДВП және шлакоблок шығаратын цех ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір 60 млн теңге ақша айналымда, ал осында 60 мың теңгемен көшіп келгенмін. Өзіміз сиқяты отбасыларға осындай мүмкіншіліктерді пайдаланып, жұмыс істеңіздер дегім келеді.

Жұмагүл Серікова өз жерлесімен толықтай келіседі. 4 жыл бұрын ол Шымкенттен М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға “Серпін” бағдарламасы бойынша білім қуып келген. Жазда дипломын алады. Ол Солтүстік Қазақстанда қаламын деп белін бекем буып отыр.

Жұмагүл Серікова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Азық-түлік өнімдерінің технологиясы” мамандығының 4-курс студентімін. Бұл мамандықтың қазіргі таңда сұранысқа ие және СҚО-да тапшы екендігін естіп-біліп таңдаған болатынмын. Өндірістік орындардан ұсыныстар түсіп жатыр, бізге келіп жұмыс істеңіздер деген секілді. Жалпы, ұсыныстар көп.

Негізі, “Серпін-2050” бағдарламасы 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында өңірдегі оқу орындарында 2,5 мыңнан астам түстік жастары білім алған. Серпіндіктерді жұмыспен қамту керек деді вице-премьер-министр Гүлшара Әбдіқалықова.

Гүлшара Әбдіқалықова – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Біз жақында Түркістен облысында, Шымкент қаласында, Жамбыл облысында болдық. Жұмыспен қамту орталықтарында кезекте тұрған адамдар көп. Жастардан “барасыңдар ма” деп сұрағанда “барамыз” дейді. Бірақ олар жағдайдың жасалғанын, үй берілсе, жұмыс табылғанын, жерін берілгенін қалайды. Осылай қызығушылықтарын оятсақ, келетіндер көп деп ойлаймын. Осы мәселеге, әсіресе, СҚО, ШҚО басшылығы жақсы ұсыныстар беретін болса, онда бұл жұмыс алға басады.

 

Саят Ермек