Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының мүшелері бас қосты

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық кәсіподағының мүшелері бүгін бас қосты. Жиында өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындыланды. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарының басшылары мен қатардағы еңбеккерлер арасында ұжымдық келісім шарт жасасудың маңызы да талқыланды.

Ауыл шаруашылығы экономика драйвері болуы тиіс. Бұл үшін қатардағы қызметкерлерге жүйелі түрде әлеуметтік не материалдық көмек көрсетіп, еңбек қауіпсіздігін бақылап отыру маңызды. Мұның бәрі – салалық кәсіподақтардың міндеті. Осы орайда облыстық ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Бекет Нұғымановтың сөзінше, жұмыс беруші мен еңбеккерлердің арасындағы ұжымдық келісім шарттардың маңызы орасан. Бұл мәміленің арқасында қос тарап қуған мүдделер қорғалмақ.

Бекет Нұғыманов – “СҚО ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы” ҚБ төрағасы:

– Өңір бойынша бүгінде 125 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оларға 6 мыңнан астам ауыл шаруашылығы саласының қызметкері кіреді. Біз “Ұжымдық келісім шарт жаса” акциясын қолға алдық. Оның арқасында сәуірдің 1-іне дейін кәсіподақ ұйымдары бар шаруашылықтарда осындай 125 келісім шарт жасалды.

Қысқаша айтқанда, қай шаруашылықта бастауыш кәсіподақ ұйымы мен ұжымдық келісім шарт бар, сондағы жұмысшылардың құқықтары қорғалған. Қызметкерлер ұйымға ай сайын жарна аударып тұрады. Жиналған қаражат қажет жағдайда оларға тиісті жәрдем беруге жұмсалады.

Егор Каппель – “ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы” ҚБ төрағасы:

– Орташа есеппен еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласының қызметкері 100 мың теңге алады. Кәсіподақ мүшелері ай сайын өз айлығының 1 процентін ұйымға аударып отырады. Бұл қаражаттың 30 пайызы облыстық кәсіподаққа жіберіледі, қалғаны бастауыш ұйымда қалады. Тиісті көмек осы қаражат есебінен көрсетіледі.

Владимир Руденконың Аққайың ауданында өз шаруа қожалығы бар. Қарамағында 4 адам ғана жұмыс істейді, алайда аграрий ауыл шарушылығы қызметкерлерінің кәсіподағымен тығыз әлеуметтік әріптестік орнатқан.

Владимир Руденко – “Кристалл-3” ШҚ басшысы, Аққайың ауданы:

– Жұмыскерлеріме жыл сайын шипажайлар мен курорттарға тегін жолдамалар беріледі. Осының арқасында олар өз денсаулықтарын жақсартады. Облыстық кәсіподақ жақсы жұмыс істейді, бізге көп көмектесті. Техника сатып алу бойынша дау-дамай болған еді. Ұйым бізге қызметі тегін заңгер тауып берді. Осының арқасында сотта жеңдік.

Ауыл шаруашылғы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы көптеген әлеуметтік іс-шаралар мен қайырымдылық акцияларын да өткізіп тұрады. Бұдан бөлек, сала ардагерлері мен көпбалалы отбасыларға да жүйелі түрде қаржылай көмек көрсетіп отырады.

Жиын соңында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің облыстық кәсіподағы жұмысына белсенді араласып жүрген ардагерлер мен шаруалардың бірқатарына “Еңбек даңқы” және “Құрметті ардагер” медальдары табысталды.

Саят Ермек