Халық тарих толқынында

Соғыс жылдарында бала болған жанның естелігі

Ұлы Отан соғысының қиыншылығын үлкендер мен бірге балалар да көрді. Олар күн-түн демей жұмыс істеп, кеңес әскеріне қолдау танытты. Ал кейбірі жаумен жүздесіп, қысым көрді. Мұндай жандардың бірі – Василий Карпук.

Василий Карпук – 83 жаста. Десе де, ол алыста қалған балалық шағының ешбір сәтін естен шығармаған. Әсіресе, қария соғыс жылдарындағы күндерді ұмыта қоймапты. Мұны біз 1 сағатқа созылған әңгімеден аңғардық. Негізі, жерлесіміз Украинада туылыпты. Сол жақта ата-анасы мен бауырларының қасында өмір сүріп жатады. Бірақ, көп ұзамай соғыс басталып, шаңырақты шайқалтқан екен.

Василий Карпук – еңбек ардагері, ҚазақССР және КСРО кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі:

– Күн атпай тұрып немістер шабуыл жасады. Ұшақтардан бомба тастап, танкілерден атқылады. Салдарынан барлығы жанып жатты. Жау ауылға кірген кезде анам екеуміз үйден шыға алмай, шатырға тығылдық. Ал әкем мен ағам және әпкелерім терезе арқылы қашып кетті. Көп ұзамай жасырынған бізді немістер тауып алды. Осылайша шешемді лагерьге, ал мені атуға әкетті. Мен ол кезде 6 жаста едім.

6-дағы баланы фашист жауынгері арқасынан теуіп, карьерге құлата салады. Кейін, 2 мәрте мылтықтың шүріппесін басады да, оқиға орнынан кетіп қалады. Дегенмен, жерлесіміз жанағы ойықтан тірі шығады. Оған жаудың оғы тимепті. Осылайша Василий Карпук ауылдастарына қосылып, орманда өмір сүреді.

Василий Карпук – еңбек ардагері, ҚазақССР және КСРО кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі:

– Орманда жер қаздық. Жасаған үңгірлеріміздің ішіне жапырақ, қамыс төсеп, сонда өмір сүрдік. Қарнымыз аш болатын. Жидек, саңырауқұлақ теріп жейтінбіз. Мен анамды көрмейтін шығармын деп ойлағам. Бірақ, шешем немістердің қарамағынан сытылып шығып бізге қосылды. Әпкелерім де бізбен болды. Тек әкем мен ағам Кеңес Одағының еңбек лагеріне жіберілді.

Cол кезде Василий Карпук 6 жастағы бала болса да елі үшін қызмет етіпті. Ол партизандардың құрамына қосылған екен. Сөйтіп, түрлі тапсырмаларды орындауға кіріскен.

Василий Карпук – еңбек ардагері, ҚазақССР және КСРО кәсіптік-техникалық білім беру ісінің үздігі:

– Мені немістердің шатырлары қай жерде орналасқандығын біліп келуге жіберді. Қымыздақ жеп жүргендей болдым да, барлығын көріп алдым. Мұны жау байқап қалды. Олар не істеп жүрсің, кет дегендей қимылдар көрсетті. Мен қарным аш, тамақтанып жүрмін деп түсіндірдім. Кейін, көрген-білгенімді біздің сарбаздарға айтып, аумақты қағазға сызып бердім. Соның көмегімен жауынгерлер әрекет етіп, 30-ға тарта немісті қолға түсірді.

Оған қоса, жаудың қарамағында болған ауыл тұрғындарының мыңнан аса ірі қарасы иелеріне қайтарылыпты. Әйтпесе, мал Германияға жіберіледі екен. Соғыстан соң Василий Карпук мектепке барады. Оны тәмамдап техникалық білім алады. Осылайша механизатор және тракторшы мамандығын иеленеді. Кейін, жолдамамен тың игеру жылдары Қазақстанға жіберіледі. Сергеевкада жұмыс істейді, Карақоғада ауыл шаруашылығы училищесін басқарады. Бұдан соң, зейнетке дейін облыстық білім басқармасында қызмет атқарады. Ал бүгінде ардагерлер хорында ән салады.

Соңғы жылдары қария өмір, ауыл шаруашылығы жайлы шағын кітаптар да жазыпты. Жақында музыка туралы тағы бір туындысы жарық көрмек.

 

 

Култанов Байболат