Құқық қорғау органдары

Петропавлда тәртіп сақшысы 21 жастағы бойжеткенді құтқарды

Петропавлда тәртіп сақшысы 21 жастағы бойжеткенді ажалдан арашалап қалды. Жас қыз Есіл өзені бойындағы 30 метрлік жардан секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған. Абырой болғанда, кезекшілік атқарып жүрген полиция қызметкері қырағылығы мен шапшаңдығының арқасында бойжеткеннің өмірін құтқарып қалды.

Кіші сержант Денис Комаровтың есінде бұл күннің мәңгіге сақталатыны сөзсіз. Тәртіп сақшысы Жеңіс саябағындағы кезекшілігін аяқтамас бұрын аумақты тексеріп жүрген. Кенет Есіл өзенінің бойындағы 30 метрлік жардың шетінде жас қыздың сұлбасын көреді. Жақындай келе Денис бойжеткеннің өз-өзіне қол жұмсағалы жатқанын түсінеді. Осылайша, ойланбастан көмекке асығады.

– Девушка, подождите! У вас дети есть? Братья, сестры? Подумайте о них! Как мать ваша примет? Давайте поговорим. – Не буду!

Өзге полицейлер көмекке жеткенше кіші сержант бойжеткеннің көңілін аулап, сабырға шақырған. Абырой болғанда, азаматша дін аман күйінде қауіпсіз жерге шығарылды.

Денис Комаров – қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының полицейі:

 – Көзді ашып-жұмғанша автокүзет көлігі жетті. 2 әріптесім жарға қарай жақындап, қыздың көңілін аулады. Осыны пайдаланып, мен оны өзіме тартып қалдым. Жігіттер лезде арқан лақтырды. Бойжеткенді арқанмен байлап, жоғарыға шығардық.

Бұдан соң өз өмірін қимақшы болған 21 жастағы бойжеткен аман-есен туған-туысқандарына табысталды. Қазір бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Саят Ермек