МТРА жаңалықтары

Шаһарда алғашқы қайырымдылық сенбілігі өтті

Шаһарда алғашқы қайырымдылық сенбілігі өтті. Шара барысында 1 мың тонна қоқыс жиналды. Көшеттер отырғызылып, аялдама павильондары мен бағдаршамдар жуылды. Тазарту шаруалары 3 айға жалғасатын болады.

Сенбі. Сағат таңғы 10. Қала тұрғындары қызу жұмысқа кіріскен. Тазарту шаралары шаһардың түкпір-түкпірінде жүргізіліп жатыр. Қаныш Сәтбаев көшесі бойында еңбектеніп жатқандардың қарасы қалың. Мұнда қоқыс та жиналуда, көшеттер де отырғызылуда. Бірер сағаттың ішінде жұмысшылар шетен мен сүмбіл теректің 80 түбін егеді. Орындарын мамандар алдын ала дайындап қойыпты. Жалпы, санитарлық тазарту мен көгалдандыру айлығының аясында Петропавл бойынша 6 көшеде 3 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Айта кету керек, бүгінгі сенбіліктер – қайырымдылық. Бұндай шаралар әлі 3 айдың көлемінде жалғасатын болады. Бүгінгі таңда қаланы қоқыстан тазартудан бөлек, аялдамалар мен бағдаршамдарды тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бір аялдаманы тазартуға кемінде 20 минуттай уақыт кетеді. Мамандар қыс бойы жиналған кірді үлкен қымыдағы сумен жуып жатыр. Бұрыннан ілініп, жұлынып қалған жарнама қағаздарын да алып тастауда. Қызу жұмыс шаһар тұрғындарының аулаларында да жүріп жатыр. Бұл – Бөкетов, Әуезов пен Амангелді көшелерінде орналасқан үйлердің орамы. 30-ға жуық азамат қазір қоқыс жинап, тазарту шараларын жүргізуде.

Людмила Горбылева – қала тұрғыны:

– Жыл сайын сенбілікке шығып тұрамыз. Алдымен үйдің маңын түгел қоқыстан жинаймыз. Кейін аббаттандыру, көгалдандыруда қолға аламыз. Жаз бойы ауламыз құлпырып тұрады. Өткен жылы қалалық әкімдік жолдарға асфальт төсеп берді. Биыл балаларға арналған алаңқай орнатамыз деп уәде еткен. Біз де аулаға бейжай қарамаймыз. Ұқыпты ұстауға тырысамыз.

Биылғы жылдың алғашқы қайырымдылық сенбілігіне Петропавл бойынша 550 ұжым мен 10 мыңға жуық адам ат салысты. Ұлы Жеңіс күніне орайластырылған шараға қатысқандар біркүндік жалақыларын ардагерлер кеңесіне аударды. Нәтижесінде, 429 мыңдай қаражат жиналыпты.

Эльмира Садвокасова