Құқық қорғау органдары

“Рухани жаңғыруға” – 2 жыл

Әлеуметтану, философия мен экономика оқулықтары қазақ тілінде жарық көрді. Латын әліпбиіне көшу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тарихтан сыр шертетін қасиетті мекендер киелі жерлер картасына енді. 2 жыл ішінде атқарылған шаруа нәтижесі осы! Өңірде Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы аясында жүргізілген жұмыс қорытындыланды.

Тарих пен бүгінгі заман. Бұл әрдайым қатар жүруі тиіс ұғымдар. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев та дәл осыған баса назар аудартқан болатын. Қазақстанның 100 киелі жері – аталған бағытта іске асырылған жоба. Қазір ол ел көлемінде ғана емес, әрбір аймақта қолға алынды. Облыстық картаға бүгінде 25 нысан енген. Олардың арасында Жамбыл ауданында орналасқан бұрынғы әйелдер монастырі бар. Қасиеттілігі мен құдіреттілігі әлі күнге дейін жоғалтылмады дейді мамандар. Мұнда Құдайға құлшылық етуге келетіндер аз емес екен.

Әлия Усинова – облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі:

– Монастырьді Анна Васильевна Казине деген жесір әйел ашқан. Оның 30 жасында күйеуі көз жұмғандықтан, қалған өмірін Құдайға құлшылық етуге арнапты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуында қазақ халқының мәдениетінің де алар орны зор. Өнер майталмандары жүздеген жылдық тарихы бар туындыларды қазір республикалық сахнада ғана емес, барша төрткүл дүниеге паш етуде.

Ботагөз Ақмағамбетова – Облыстық филармонияның директоры:

– Қазір біздің “Туған жер” би ансамблі Өзбекстандағы Қазақстанның мәдени күндерінде өнер көрсетуде. Бір аптадан кейін “Мәңгілік” ансамблі Челябіге жол жүреді. Фестивальде қазақтың ұлттық билерін паш етпек.

Қазақ тіліндегі 100 оқулық, 100 жаңа есім, латын әліпбиіне көшу және Қазақстанның киелі жерлерінің картасы. Бұның барлығы – «Рухани жаңғырудың» екі жыл ішінде сәтті жүзеге асырылған бағыттары. Қазір отандастарымыз психология, философия, әлеуметтану, журналистика мен кәсіпкерлік салаларын мемлекеттік тілде оқып, меңгере алады. Латын әліпбиі оқытыла бастады, біртіндеп қолданысқа да ену үстінде. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық сананы жаңғыртуды көздеген Ұлт көшбасшысының идеясы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең негізгі әрі ауқымды жобалардың біріне айналды.

Ақмарал Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Алғашқы күннен бастап өңірімізде атқарыла бастаған шаруалар көп. “Туған жер”, “Рухани қазына”, “Тәрбие және білім” мен “Атамекен” сынды жобалар жүзеге асырылды.

2 жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл – жоспарланған шаруалардың тек басы ғана.

Эльмира Садвокасова