Спорт

Жерлес каратэшілер халықаралық жарыстан жүлделі оралды

Сәуірдің 7-сі Ресейдің Омбы қаласында киокушенкай каратеден халықаралық турнир өткен болатын. Бұл біріншілікке солтүстікқазақстандық өрендер де қатысып, қанжығаларын майлап қайтты.

Омбыда өткен додаға барлығы 200 бала қатысқан. Оның тең жартысы – теріскейліктер. Сайыста жерлестеріміз қанжығасына 16-ы алтын, 24 күміс және 25 қола медаль салған.

Евгений Дулов, киокушинтай каратеден облыстың бас бапкері:

– Бұл жарыста балалар қарым-қабілеттерін ғана көрсетіп қоймай, өзара тәжірибе алмасты. Додаға қатысқандар алдағы уақытта өз қателіктерімен жұмыс жасайтын болады. Себебі, келешекте тағы бірқатар дүбірлі сайыстарға барамыз.

Жүлдегер жеткіншеткердің бірі – Мадина Сикибаева. Ол оқу мен күнделікті жаттығуларға ғана емес, ағылшын тілін үйренуге де уақыт тауып жүр. Каратемен айналысқанына 1 жыл ғана болыпты. Соған қарамастан бірнеше жарыстарға қатысып үлгерген.

Мадина Сикибаева: 

–  Мен Омбыда өткен додада 1-ші орын алдым. Ұрыстағы сүйікті тәсілім “мае гери” деп аталады. Бұл әдіс чемпионатта үздік атануыма себепкер болды.

Амир Уалиев те жарыста бақ сынаған. Жүлделі орын ала алмай қалса да мұңаяр емес. Өйткені, келесі сайыстара үздік деп танылуға бар күшін салатынын айтты.

Амир Уалиев:

– Мен 4 жыл каратемен айналысамын. Омбы, Көкшетау және Барнаул қалаларына бардым. Жарыс жақсы болды, бірақ орын ала алмадым. Алда өзімізде сайыс өтеді. Сол жерде орын алу керек.

Каратеде тек дене дайындығы емес, шапшаңдық пен рухани шыдамдылық сыналады. Құрылғанына 20 жыл болып қалған жергілікті карате мектебінің тәрбиеленушілері Петропавлда сәуірдің 20-сы мен 21-і күндері өтетін облыстық чемпонатқа қатыспақ.

Ақтолқын Солтанханқызы