Қоғам

Сәуірдің 13-і қайырымдылық сенбілігі өтеді

7 млн теңге. Былтырғы қайырымдылық сенбілігінде қала тұрғындары ардагерлер кеңесінің шотына осынша көлемде қаржы аударған. Биыл мұндай шара сәуірдің 13-іне жоспарланып отыр. Қалалық сенбілік дәстүрге сай Ұлы Жеңіс күніне орайластырылған.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Таза әрі көрікті. Әрбір қала тұрғыны шаһардың жайлы болғанын қалайды. Ол үшін қол қусырып отырмай, күрек, тырнауыш мен сыпырғыш алып іске кірісу қажет. Сондықтан, бір адамдай сәуірдің 13-і өтетін сенбілікке ат салысқан жөн.

Бастама әрдайым қала тұрғындары тарапынан қолдау тауып келеді. Мәселен, өткен жылы тазарту шарасына 10 мыңға жуық адам қатысқан. Олар биыл да дәстүрден жаңылмай, шаһарды көркейтуге өз үлестерін қоспақ ниетте.

– Сенбілікке қатысамын. Қаланы тазарту керек.

– Барлық қазақстандықтар сенбілікке шығу керек. Бұл – ардагерлерге құрмет.

– Сенбілік – қаланың тазалығы үшін жақсы. Өзіміз тұратын мекеннің жайлы болғаны жақсы ғой.

Жалпы, сенбілікке бұл күні барлық мемлекеттік мекеме қызметкерлері тартылмақ. Тазарту жұмыстары таңғы 10-да басталады.

Әсем Айтолла – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Бұл күні қала бойынша 38 көше мен 48 саябақта тазарту жұмыстары жүргізіледі. Барлық тұрғындар мен мекеме, серіктестік қызметкерлерін қайырымдылық сенбілікке ат салысуға шақырамыз.

Айта кету қажет, сәуірдің 13-і шаһарлықтардың бір күндік жалақысы қалалық ардагерлер кеңесіне табысталмақ. Аударылған қаражатқа ҰОС қатысушылары мен тыл еңбеккерлеріне қажетті дүниелер сатып алынады. Былтыр дәл осындай шара барысында 7 млн теңге көлемінде ақша жиналған.

Эльмира Сәдуақасова