Құқық қорғау органдары

Қымбат көлікті қолды қылған ұры ұсталды

Сәуірдің 6-сы күні солтүстікқазақстандық шекарашылар кезекті ұрыны ұстады. Бұл жолы сауысқандай сақ әскерилер “Ягуар” көлігін жымқырған 22 жастағы Ресей елінің азаматын құрыққа түсірді. Ол қолды қылған машинамен Санк-Петербургтан Нұр-Сұлтан қаласына кетіп бара жатыпты.

Тегеурінді темір тұлпар 2017-ші жылы шығарылыпты. Қазір ол Мамлютка қаласындағы айып тұрағында тұр. Осы орайда айта кетейік, бұл үстіміздегі жылы шекарашылар анықтаған алғашқы автокөлік ұрлығы емес. Бұған дейін мамандар 4 қылмыстың бетін ашыпты. Олардың барлығында бөтеннің мүлкін жымқырған Ресей азаматтары ұсталған екен.

Жұмахан Әбілбеков – 2032 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

– Ұсталған адамнан жауап алу кезінде ол көліктің ұрланғандығын мәлімдеді. Қолды болған машинаның құны шамамен 60 млн теңгені құрайды. Қазір күдікті – Ресей елінің азаматы Мамлют аудандық полиция бөліміне жолданды. Ол жерде қылмыстық іс қозғалып, жас жігітті жауапкершілікке тарту амалдары жасалады.

Байболат  Култанов