Құқық қорғау органдары

Көше қиылысын өту ережелері түсіндірілді

Жыл басынан бері өңірдің тәртіп сақшылары жолдың қарсы бағытына шығып кетудің 40 фактісін анықтаған. Сөйтіп, ереже бұзғандар жүргізуші куәлігінен 6 айға айырылыпты. Мұндай жағдайлар қаладағы Уәлиханов пен Гашек көшелерінің қиылысында да орын алған. Өйткені, темір тұлпар тізгіндегендердің біразы аталған жол бөлігін қалай дұрыс өту керектігін білмейді екен. Осыған байланысты полицейлер түсіндіру шарасын ұйымдастырды.

Инспектордың Уәлиханов пен Гашек көшелері қиылысын қалай дұрыс өту керектігін түсіндіруі тектен-тек емес. Өйткені, жүргізушілердің көбі нақ осы жерде жиі ереже бұзатын көрінеді. Яғни, олар бұрылыс радиусын сақтамайды. Нәтижесінде жиі қарсы бағыттағы жолға шығып кетеді екен. Әрине, барлығы бірдей осылай ереже бұзады деуден аулақпыз.

– Бұл қиылыста жолдың ортасына қарай шығып бұрыламын. Менің ойымша сол дұрыс.

– Бұрын бұл жерде арнайы жол белгілері болатын. Олар өшіріліп қалды. Сондықтан, қазір көпшілік жүргізушілер шатасып жатады. Бірақ, бұл қиылыста бұрылар алдында ең алдымен қарсы бағыттағы жолға өтіп кетпеу керек.

Иә, ең бастысы қарсы бағыттағы жол бөлігіне өтіп кетпеу қажет. Әйтпеген жағдайда полицейлер 6 айға жүргізуші куәлігінен айырады.

Сергей Брыксин – Петропавл қалалық ПБ бөлімінің аға инспекторы: 

– Бұл жол қиылысының геометриялық параметрлері, атап айтсақ, ені тым ұзын. Сол себепті, қиылысты өткенде автокөліктер сол жақ бортпен қозғалуы керек. Сонда ғана жүргізушілер қарсы бағытқа шықпай бұрылады. Әйтпеген жағдайда ереже бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылады.

Осы көше қиылысын өту барысында жүргізушілер тарапынан жиі сұрақтар туындайтын көрінеді. Оларды петропавлдықтар полиция департаментінің ватсап желісіне жолдаған. Түсіндіру шарасы сол себепті ұйымдастырылып отыр. Жалпы, тәртіп сақшылары тұрғындармен мұндай пікір алмасу алаңының пайда болғандығы жақсы дейді. Ол туындаған проблемаларды жедел түрде анықтап, шешуге мүмкіндік бермек.

Магжан Ахмадина