Балалар

Даңқы өшпес ерлікке – мәңгілік құрмет

Даңқы өшпес ерлікке – мәңгілік құрмет. Петропавлда “Жеңіс жауынгерлері” атты әлеуметтік жоба жүзеге асырылмақ. Акцияның мақсаты – фашистік Германияға төтеп беріп, елімізді жау қолынан қорғаған ардагерлердің есімін ұлықтау. Бастаманы 15 жастағы Богдан Рыхликов қолға алып отыр. Бастаманы 15 жастағы Богдан Рыхликов қолға алып отыр. Жасөспірім теріскейлік майдангерлердің суреттерін жинап, үлкен фотоколлаж жасамақ ниетте.

Богдан Рыхликов үшін бұл суреттердің алар орны ерекше. Мұнда жеткіншектің арғы атасы мен әжесі бейнеленген. Олар Ұлы Отан соғысы кезінде госпитальда жұмыс істеп, әр жауынгердің өмірі үшін арпалысыпты. Өзге туыстары болса тылда Жеңіс күнін жақындатуға үлестерін қосқан. Олардың көрсеткен ерлігін ұмытпаймыз дейді 15 жастағы Богдан. Жау қолына қарсы тұрган жандардың есімдерін мәңгіге сақтап, рухтарына тағзым ету мақсатында фотоколлаж жасауды ұйғарған. «Жеңіс жауынгерлері» атты әлеуметтік жобаға ардагерлеріміздің шамамен 2 мыңдай суреті жиналмақ. Кейін барлығы біріктіріліп үлкен мозаика жасалынады.

Богдан Рыхликов – «Жеңіс жауынгерлері» әлеуметтік жобасының авторы:

– Ресейлік қалалардың бірінде осындай коллаж көрдім. Өте әсерлі екен. Кейін мұндай жобаны біздің шаһары мызда да қолға алуды жөн санадым. Фотомозаикамен 2 жыл бойы айналысып келемін. Әр адам өз батырларының суреттерін әкеліп, оны мозаикаға қоса алады. Жыл сайын «Мәңгілік полк» шеруіне әке-шешелері мен ата-апаларының фотосын ұстаған мыңдаған адам қатысады. «Жеңіс жауынгерлері» дәл осындай әлеуметтік жобаға айналғанын қалаймын. Осылайша, бізге бейбіт өмір сыйлап, елімізді фашистік Германиядан қорғап қалған ардагерлерге құрмет көрсете аламыз.

Бастаманы қалалық әкімдік пен бірнеше компания қолдапты. Жергілікті билік өкілдері фотоколлажға орын да қарастырған. Ол Конституция көшесі бойындағы Тәуелсіздік стелласының маңына орнатылмақ. Билбордтың ұзындығы – 8, ені 5 метр болады. 2 мың жауынгердің фотосы біріктіріліп, барлығына таныс – Рейхстагқа ту тігілген сәт бейнеленбек. Жастар ашық аспан сыйлаған батырларын ұмытпаулары тиіс дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Сара Тасеменова. Себебі, аға буын өкілдері жастарға үлкен үміт артып отыр.

Сара Тасеменова – қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы:

–  Соғыс ардагерлері жастарға үлкен үміт артып отыр. Ашық аспанымыз бен жеңісті кейінгі ұрпаққа сыйлаған жауынгерлерді ұмытпауымыз қажет.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Әр отбасының өз батыры бар. Менің қолымда – атам Қуан Сәдуақасовтың суреті. Ол 24 жасында әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысы басталғанда бірден майдан шебіне аттанған. Ол 1418 күн бойы туған жерін жаудан қорғауға атсалысты. 4 жыл бойы арман еткен Жеңіс күнін ол Германиядағы Кенинсберг қаласында қарсы алыпты. Кейін азат етілген қалаларда еңбек етіп, елге тек 1946 жылдың жазында оралған. Атамның суреті де фотоколлажға қосылып, қаланың бас көшесінде орналастырылмақ.

Акцияға қатысуға ниет білдіргендердің тағы бірі – Римма Судницина. Ол 1942 жылы Сталинград шайқасына қатысқан әкесінің фотосын тапсыруға келіпті.

Римма Судницина – қала тұрғыны:

–  Менің әкем Виктор Елесеев 20 жасында майдан шебіне аттанды. Бірден Сталинград түбіндегі кескілескен ұрысқа қатысты. Тағы Ленинградты жау қолынан азат етті. Ұлы Отан соғысы туралы ол бізге айта қоймайтын. Себебі, кез келген майдангер үшін бұл туралы еске алу оңай емес. Әлеуметтік желіден жоба туралы естігенде бірден әкемнің фотосын әкелуді жөн көрдім.

Әлеуметтік жобаға өз үлесіңізді қосқыңыз келсе, ҰОС қатысқан жауынгер суретін Васильев көшесі, 69 мекен жайында орналасқан муниципалдық телеарнаға немесе Интернационал бойындағы «Парк Хаус» кеңсесіне әкелуге болады. Фотолар сәуір айының соңына дейін қабылданбақ.

Эльмира Сәдуақасова