Мәдениет

Қызылжарда дәстүрлі музыка фестивалі өтті

Қызылжарға жыр керуені келді. Сенбі күні облыс орталығында “Ұлы даланың сарындары” атты музыка фестивалі өтті. “Нұр Отан” партиясының 20 жылдығына арналған шарада атадан балаға мирас болған дәстүрлі әндер шырқалып, күй шертілді.

Биыл “Нұр Отан” партиясының құрылғанына – 20 жыл! Осы атаулы датаға орай қалалық мәдениет үйінде мерекелік кеш ұйымдастырылып отыр. Бұл жолғы концерт өзгелерінен ерекше. Бүгін сахна төрінде Үкілі Ыбырайдың, Балуан Шолақтың әндері шырқалып, Қорқыт пен Құрманғазы сынды дарындардың күйлері шертілмек.

Кеңес Мұқышев – «Нұр Отан» партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұл концертті бастауыш партия ұйымдары мен партия белсенділеріне арнап өткізіп отырмыз. Кешке жергілікті әнші-күйшілерден бөлек, еліміздің әр аймағынан келген өнерпаздар да қатысады. Олар дәстүрлі шығармаларлы көрерменге ұсынбақ.

Кеш шымылдығын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов ашты. Домбырашы “Жыр-бастау” туындысын орындап, зал толы жұртшылықты марқайтып тастады. Кейін, кезек жергілікті өнерпаздарға тиді. Қазір ортада облыстық филармонияның күйшісі Бәйімбет Құбайдолла / Әшімтай Қарымсақұлының “Қоңырқаз” күйін орындап жатыр.

Жерлесіміз бұл күйді 2 жыл бұрын өзінің репертуарына қосыпты. Содан бері көптеген сахналарда шертіп жүрі екен. Былтыр республикалық “Мен қазақпын” тележобасына қатысып, дәл осы шығарманы орындаған.

Бәйімбет Құбайдолла – облыстық филармонияның күйшісі:

–  Бүгінгі кешке Әшімтай күйшінің “Қоңырқаз” күйін әкеліп отырмын. Өте керемет күй. Қаздың саңқылы, құстың борандарға, суыққа төтеп бергені баяндалады. Негізі, Әшімтайдың күйлері көп емес. Қазіргі заманға жеткені осы күй десем артық айтпаймын.

Күйден бөлек көрермен дәстүрлі әндерді де тыңдады. Мысалы, Балуан Шолақтың “Ғалиясын”, Үкілі Ыбырайдың “Толқыны” мен “Қылдырғанын” естіп, қол соқты.

Концерт өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өзіме қатты ұнады.Домбырамен орындалған әндер көңілімнен шықты. Күйлер де тамаша.

Жалпы, “Ұлы Даланың көне сарындары” атты музыкалық фестивальге 10-нан аса өнерпаз қатысып, 20-ға тарта туындыны орындады.

Култанов Байболат