Денсаулық сақтау

Биыл СҚО-ға 60-қа жуық жас дәрігер тартылады

Биыл СҚО-ға еліміздің үздік ЖОО-ларын тәмамдаған 60-қа жуық жас дәрігер тартылады. Олар үшін қаржылай көтермеақы мен жалдамалы баспана қарастырылған. Бұл шаралар өңірдегі ақ халаттылар тапшылығын сәл де болса азайтуға бағытталып отыр. Себебі, қазір жергілікті медициналық мекемелерде тар бейінді мамандар жетіспейді, бұл ретте тұрғындар тарапынан шағымдар баршылық.

Владимир Соложенцев – үш ұлдың әкесі. Әсіресе, көктем мен күз мезгілдерінде балалар жиі ауырады екен. Кенжесі Кириллді сонау қарашадан бері жөтел мазалап жүр. Жергілікті педиатрлар мен терапевттер сырқаттың нақты себебін анықтай алмаған. Сондықтан, аллерголог пен балалар пульмонологының қабылдауына жіберіліпті. Ал мұндай тар бейінді мамандар өңірде жоқ дейді Владимир.

Владимир Соложенцев – қала тұрғыны:

– Бұл дәрігерді, тіпті жеке меншік кабинеттер мен клиникалардан да таба алмадық. Ал баламның жөтелі тоқтамады. Не істерімізді білмедік. Омбыға жол тартайын деп жатқанда зайыбым пульмонологты тапты. Бірақ, ол ересектермен жұмыс істейді екен. Дегенмен, дәрігер ұлымды қабылдап, ем-дом курсын жазып берді. Қазір баламның жағдайы жақсарып келеді. Негізі, өңірде дәрігерлердің жетіспеушілігі баяғыдан бері байқалады ғой. Өзекті мәселе тезірек шешілсе екен дейміз.

Саят Ермек – тілші:

– Аллерголог пен пульмонологтан өзге теріскейде терапевт, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург және онколог сынды мамандар тапшы. Тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Өкініштісі, бұл дефициттің кесірі тұрғындарға тиіп отыр.

Жұртшылық тарапынан базына көп. Олар тар бейінді дәргерлердің қабылдауына апта, одан қалды айлар бұрын жазылу қажет деп шағымданады.

– 1-ші емханада терапевтке бір ай бұрын жазылу керек. Бұл қалай болғаны? Тіпті, ашуыңды келтіреді! Ауырып қалсаң тиісті көмек ала алмайсың. Мұнымен күресетін күш қалмады.

– Үшінші қалалық емханада балалар окулисі жоқ! Бұл сұмдық қой!

Саят Ермек – тілші:– Сондықтан, сырқатынан айығуды көздеген жерлестеріміз өзге қалаларға, одан қалды мына тұрған көрші Ресейге ағылады. Негізі, қазір теріскейге 230-ға жуық дәрігер қажет. 80 шақтысы – ауылдық жерлерде, қалғаны қалада жетіспейді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы проблеманы жоққа шығарып отырған жоқ, керісінше оны шешу жолдарын қарастырып жатыр. Басқарма басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша өңірге қызметке келген ақ халаттыларға тиісті әлеуметтік көмек артығымен көрсетіледі.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Өткен жылдан бастап біз ауылда жұмыс істейтін дәрігерлерге 1,5 млн. теңге көмек көрсетеміз. Сол арқылы өткен жылы 58 маман облысқа тартылды. Оның ішінде 40 жас маман ауылдық жерлерге барып, жұмыс істеп жатыр. Қалаға 500 мың теңгенің көмегін көрсете аламыз. Сонымен қатар жас мамандарға ипәтер және үй мәселелерін шешіп жатырмыз.

Сондай-ақ, қалада қызмет ететін мамандар “7-20-25” ипотекалық бағдаламасы бойынша да баспаналы бола алады. Ал ауылға баратын ақ халаттылар үшін өңір бойынша 30 жер үй дайын тұр. Айта кеткен жөн, дәрігерлерге СҚО-да ұсынылып отырған көтермеақы ел бойынша ең жоғарысы екен. Бірақ, бұл қолдауға қарамастан, теріскейге келіп жатқан кадрлар саусақпен санарлық. Сол себепті, жергілікті атқарушы орган мәселені шешуде басқа әдіске жүгінген. Олар еліміздің үздік медициналық ЖОО-ларын аралап, болашақ мамандармен жүздесіпті.

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Осы жылдан бастап облыс әкімдігінің арқасында резиденттерге арналған 80 грант бөлінеді. 2-3 жылдық резидентураны бітірген мамандар СҚО-ға келіп, 5 жыл бойы жұмыс жасаулары қажет.

Бұл кадр тапшылығын азайтады дейді Тимур Сұлтанғазиев. Осылайша, биылғы жылдың өзінде өңірге 60 шақты жас ақ халатты келеді. Мамандар дефицитін жоюдың тағы бір әдісі – кадрларды өзімізде даярлау. Былтырдан бері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да болашақ медицина қызметкерлері оқытылып жатыр. Тағы қала ауруханаларында 2 жылдық интернатурада білім алып жүрген жастар да баршылық. Олар да келешекте біздің өңірде еңбек ететін болады.

Саят Ермек