Құрылыс

Қызылжарда құрылыс қызбақ

Петропавлда шілде айында 900 орынға шақталған жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Ол Зайсан ықшам ауданындағы ескі үйлердің орнына салынады. Тағы, Уәлиханов пен Мир көшелерінің аралығында қос бірдей көпқабатты баспана тұрғызу жоспарланып отыр.

– Петропавлда құрылыс жұмыстары биыл да қарқынды түрде жалғаспақ. Үстіміздегі жылы облыс орталығында көпқабатты баспаналар мен қатар әлеуметтік маңызы бар нысандар да салынады. Соның бірі мына жер үйлер орналасқан аумақта тұрғызылмақ.

Бұл жерде 900 орынға шақталған су жаңа мектеп бой көтереді. Оны мына еңкіш тартқан жер үйлердің орнына тұрғызу жоспарланып отыр. Яғни, Зайсан ықшам ауданындағы ғимараттарды сүріп, білім ұясын салу көзделген. Мұнымен тұрғындар келісіпті. Ал оның орнына азаматтарға пәтерлер берілген екен. Мәселен, Татьяна Киселёва аумағы 42 шаршы метр болатын 2 бөлмелі баспана алыпты. Бұған 66 жастағы зейнеткер дән риза.

Татьяна Киселёва – қала тұрғыны:

– Маған сүрілген жер үйімнің орнына аумағы 42 шаршы метр болатын пәтер берілді. Бұған қуаныштымын. Себебі, жас ұлғайған сайын жер үйде жалғыз тұру қиындап барады. Қыстыгүні көмір, отын кіргізу оңай емес. Қар тазалау да ауыр шаруа. Сол себепті, көпқабатты баспанаға көшкеніме өкінбеймін.

Оқу ұясынан бөлек, бұл маңда келер жылдары балабақша да пайда болады. 280 ұл-қызға арналған мектепке дейінгі білім беру мекемесі Уәлиханов пен Мир көшелерінің ортасында орналаспақ. Мұнда да жер үйлерді сүріп, орнына әлеуметтік маңызы бар нысан салу жоспарланған. Ал биыл осы ауданда қос баспананың құрылысы басталады.

Мәриям Мұқашева – қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Биыл осы ауданда апаттық деп танылған жер үйлер сүріліп, 93 пәтерден тұратын 2 бірдей баспананың құрылысы басталады. Мемлекеттік бағдарла аясында тұрғызылатын нысандар Уәлиханов пен Мир көшелерінің аралығында салынбақ. Кейін олар әлеуметтік әлсіз топтардың өкілдеріне берілетін болады. Үйлердің жалпы құны 800 млн теңгеден асады.

Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмайды. Мына жерде медициналық жатақхана салынбақ. Қазір құрылысалды жұмыстар басталып та кетіпті.

Әсем Айтулова – қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Мир көшесі мен Шәжімбаев көшелерінің қилысында медициналық жатақхана салынатын болады. Қазіргі кезде ол жердегі 4 жер үйді сүру бойынша жұмыстар атқарылды. Барлық үй иелеріне өздері тұрған баспаналардың шаршы метрлеріне сай пәтерлер берілді.

Ал медициналық жатақхана құрылысының дәл қай уақытта басталатыны беймәлім. Белгілісі, нысан қазығы биыл қағылады.

 

Култанов Байболат