ТЖ

Өрт сөндірушілер Оқушылар сарайында оқу-жаттығу жиындарын өткізді

Айына бір рет өңір құтқарушылары тактикалық оқу-жаттығу жиындарын өткізеді. Осылайша, олар оқыс оқиғаларға дайындықтарын пысықтайды. Бұл жолы өрт сөндірушілер әзірліктерін Оқушылар сарайының ғимаратында тексерді.

Өрт Оқушылар сарайының акт залынан, нақтырақ ондағы сахнадан шыққан. Бүгінгі тактикалық оқу-жаттығу жиындарының сценарийі осындай.

Қас қағым сәтте нысан алдында жедел штаб құрылды. Олар оқиға орнынан жеткен ақпар бойынша тиісті нұсқау беруде. Қазір 35 құтқарушы 7 бірлік техниканы тарта отыра 300 шаршы метрді жалмаған қызыл жалынмен күресуде.

Ғимарат ішінде зардап шеккендер бар. Бастысы – олардың өмірін сақтау қажет. Құтқарушылар барлығы 70 жанды эвакуациялады. Әсіресе, өрт шықпас бұрын кабинеттерде отырған балаларға аударылған назар ерекше.

Данияр Ақжігітов – СҚО ТЖД өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі:

– Өздеріңіз білесіздер, өрт кезінде балалар үрейге беріліп, шкафтардың ішіне немесе өзге де жиһаздың артына тығылып қалуы мүмкін. Сондықтан, мамандар әр қабатты, әр қуысты жіті тексерді. Мұндай шаралар арқылы біз жеке құрамның тәжірибелік дағдыларын қалыптастырамыз.

Бұл, әрине, шынайы оқиға емес, бірақ апаттың айтып келмейтіні мәлім. Сол себепті, өрт сөндірушілер кез келген жағдайға дайын болулары тиіс. Айта кеткен жөн, бұл – Оқушылар сарайындағы алғашқы өртке қарсы оқу-жаттығу жиыны. Мұнда күніне шамамен 1800 бала келеді, тағы 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Сондықтан, дайындықты бір қайтара пысықтау артық етпейді деді өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері.

 

 

Саят Ермек