Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі су тасқыны

Ал енді көктемгі су тасқыны жайлы соңғы мәліметтерге кезек берейік. Осы күні өңірдегі үйлерді су басқандығы жайлы оқиға орын алмады. Қуанышымызға орай, көпті алаңдатқан Сілеті су қоймасынан босатылып жатқан тіршілік көзінінің көлемі азайды. Соның нәтижесінде Қулыкөл мен Қаратал ауылдарының маңындағы тасқынның деңгейі төмендеді.

Қазір Уәлихановтан бөлек, басқа да аудандар – қызметкерлердің жіті бақылауында. Мәселен, олар Ақжар, Тайынша және Аққайың аудандарын тікұшақпен қарап, жағдайды бағамдады. Теріскейлік құтқарушыларға еліміздің өзге де аймағынан көмек келіп жатыр. Сәуірдің 2-сі күні Жамбыл облысынан 30 адам мен 5 бірлік техника жетті. Мамандар Есіл ауданында жұмыс істемек. Бүгінде өңірдегі 10 жол учаскесін су шайғандығын айта кетейік. Трассалардың 9-ымен қатынауға болады. Тек, Ғабит Мүсірепов ауданындағы Чистополье селосына тікелей өту мүмкін емес. Дегенмен, тұрғындар ауылға айналма жол арқылы кіре алады.

Култанов Байболат