Экология

Қайталама шикізатты ақшаға тапсыруға болады

Полиэтилен, шыны, картон, қағаз бен алюминий. Күнделікті қоқысқа тасталынатын бұл заттарды қайта кәдеге жарату мүмкіндігі бар. Петропавлда қайталама шикізатты қабылдауға арналған пункт ашылды. Мұнда кез келген тұрғын қайта өңделінетін өнімдерді ақшаға өткізе алады. Кейін қолданыстан шыққан дүниелер Алматы, Қарағанды мен Ресейдің Түмен облысында кәдеге жарайтын жаңа дүниеге айналады.

 Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Кеңсе қызметкері жұмысында әр 12 минут сайын А4 форматындағы 1 қағаздан жұмсайды. 30 күн ішінде бұл сан 900-ді құраса, 12 ай ішінде ол 11 мыңға дейін жетеді. Бір өкініштісі, пайдаланылған қағаздардың тең жартысы қоқысқа тасталады. Қазір табиғат жанашырлары макулатураға екінші өмір сыйлауды қолға алып отыр. Бұл ретте біз де бейжай қарамай, қолдан келгенімізді жасауымыз қажет. Бұл – қайталама шикізатты қабылдау орны. Нысан қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Мұнда тек қағаз ғана емес, пластик пен шыны сынды дүниелерді де тапсыруға болады.

Орталық бар-жоғы екі апта бұрын ашылыпты. Қазір мұнда күніне ондаған қала тұрғыны келіп, әр түрлі көлемде шикізат тапсырып жатыр. Әрине, тегін емес. Өнімдердің әр келісіне белгілі бір мөлшерде адамдарға ақша да төленеді. Бұл шаһарлықтарды тазалыққа шақыруға арналған бастама десе де болады. Тәжірибе Петропавлға дейін елордамыз бен Көкшетауда сәтті жүзеге асқан. Соңғысындағы бірінші орталық шамамен бір жарым жыл бұрын ашылыпты. Қазір онда мұндай нысандардың 10 шақтысы бар. Осы аралықта қайталама шикізат өткізуге келген көкшетаулықтарға 30 млн теңге үлестірілген екен.

Татьяна Рудь – «LS Petropavlovsk» ЖШС директоры:

– Қайта өңдеуге жатқызылатын дүниелердің барлығын дерлік қабылдаймыз. Яғни, тұрғындар полиэтилен, шыны, картон, қағаз, алюминий құтысы мен антифриз және май канистрлерін келіп өткізе алады. Қабылданатын шикізаттар үшін төленетін ақша мөлшері әр түрлі. Мәселен, макулатураның 20 келісі 500 теңгені құрайды. Бұл – біздің күнделікті қоқысқа лақтырып жүрген қағаз, дәптер, журналдарымыз. Орталықтың орналасуы қалалықтар үшін ыңғайлы болсын деп Дария базарының маңынан аштық.

Күн сайын тұрғын үйлерден шығатын тұрмыстық қалдықтардың санында шек жоқ. Бей-берекет орналасқан қоқыс алаңдарына да түрлі қағаз, пластик, электрондық техника мен тамақ қалдықтары үсті-үстіне апарып төгіледі. Проблеманы қалай шешуге болады? «Ls Petropavlovsk» серіктестігі өкілдерінің сөзінше, шикізатті қабылдау орталығының санын көбейтсе, қоқыс алаңы атаулыны ұмытуға да болады.

Татьяна Рудь – «LS Petropavlovsk» ЖШС директоры:

– Біз шаһар бойынша қабылдау орталықтарының он шақтысын орнатуды жоспарлап отырмыз. Пайдасы зор, тұрғындар үшін де тиімді жоба, өкінішке қарай тиісті органдар тарапынан қолдау таппай отыр. Мәселен, аталған нысандарды құру үшін кішігірім жер учаскесі табылмай отыр.

Қала тұрғындары өз кезегінде жобаның тиімді екенін жарыса айтты. Көпшілік тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, кәдеге жарату үшін бөліп тапсыруға дайын.

– Шикізаттың қабылданғаны жақсы. Пункт қаланың орталығында орналасқаны ыңғайлы.

– Өзім де шикізатты әкелер едім. Жол-жөнекей кіріп, тапсырып кетуге болады.

– Өте ыңғайлы. Пластик пен шыны бөтелкелер жай домалап жатыр. Енді оның барлығын арнайы орталыққа тапсыруға болады.

Осылайша, қазір таңда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қадамдар жасалуда. Шаһар тұрғындарының Еуропа елдеріндегідей қоқысты бөліп тастауға да еті үйреніп келеді. Енді қайта өңдеуге жарайтын қалдықтардың барлығын орталыққа ақшаға тапсыру мүмкіндігі бар. Нысан таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Ал дүйсенбі күні қабылдау орталығында – демалыс.

Эльмира Садвокасова