Ауа райы

Сәуір айына арналған ауа райы болжамы

Биыл теріскейге көктем кешікпей, уақытылы келді. Алайда, оның бел ортасы – сәуірде ауа райы тұрақсыз болады. Мұндай ақпаратты Қазгидрометтің жергілікті филиалының мамандары ұсынып отыр. Орташа температура +3-5 градус болғанымен, алдағы 30 күн құбылмалығымен танылады.

“Сәуір болмай, тәуір болмас” дегендей бұл ай – нағыз көктемнің келер шағы. Былтыр осы уақытта қалың қар жатқан еді, бұл жолы Петропавлда күн шайдай ашық, температура да қалыпты. Сол себепті, балақайлар далада асыр салып ойнап, ересектер серуен құрып жүр.

Хакима Мухаряпова:

– Қар еріді, күн жылыды. Көп кешікпей көк те шығады. Қуаныштымыз. Далада адамдар көп. Немерелерімді алып шығып, аттракциондарға апардым. Биыл көктем уақытымен келді, сондықтан көңіл күй де тамаша.

Бірақ, қуануға әлі ерте. Алдағы бірер күнге Қазгидромет дауылды ескерту жариялап отыр. 3-ші сәуірде өңір аумағында тұман түсіп, қатты жел соғады.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Түнде кей жерлерде 15-20 м\с, күндіз басым бөлігі 15-20, кей жерлерде екпіні 23-28 м\с күтіледі. Сәуірдің 4-і кей шерлерде қаты жауын-шашын, қар, жаңбыр жауады, тұман және көктайғақ болады.

Тұрақсыз. Көкектегі күн райын бір сөзбен осылай сипаттауға болады. Өйткені, айдың алғашқы 10 күнінде ауа температурасы -2 мен +13 градустың аралығында құбылады. Ал түнгі уақытта кей жерлерде -8 градусқа дейін аяз күтілуде.

Саят Ермек – тілші:

– Екінші онкүндіктің басында күн 15-20 градусқа дейін жылиды, ал араға 2-3 күн салып -5 градустық аяздар күтілуде. Кейін ауа температурасы тағы күрт жоғарылайды дейді синптиктер. Қысқаша айтқанда көкек айында күн райы әдеттегідей сан құбылады. Сондықтан, жерлестерімізге сәуірдің жайма-шуақ күндерінен үміттеніп, жылы пальто мен көктемгі қалың курткаларды алысқа жинаудың қажеті жоқ. Себебі, оларды қайта алып шығу қажет болады.

Үшінші онкүндікте де дәл осындай жағдай қайталанбақ. Алдымен күн жылынады, кейін лезде қара суық келеді.

Гүлзат Ғазизова, “Қазгидромет” РММ СҚОФ метеоболжам бөлімінің басшысы:

– Үшінші онкүндіктің басында ауа температурасы түнде 5-10 градус жылыға, кей жерлерде 0 градусқа, ал күндіз 18-23, кей жерлерде 13 градус жылыға дейін жоғарылайды. Одан кейін ауа температурасы түнде 0-5 градус аязға, кей жерлерде 5 градус жылыға, ал күндіз 10-15 кей жерлерде 5 градус жылыға дейін төмендейді.

Ал жауын-шашын ше? Сәуірде ол нормадан көп түседі деп болжанып отыр. Ара-арасында жаңбырдан басқа көктайғақ, тұман болып мен ұйытқы жел соқпақ.

 

 

Саят Ермек