Балалар

Облыстық жас әншілер байқауы өтті

Өнерлі өрге жүзер. Қызылжарда жас әншілердің облыстық байқауы өтті. Оған қала мен аудандардан барлығы 60-қа жуық өрен қатысты.

Әсем костюмдерін кейіп, өз өнерлерін көрсетуге дайын тұрған 60 жуық қатысушының барлығы – жүлделі орыннан үмітті. “Эстрадалық вокал” номинациясы бойынша 6 мен 17 жас аралығындағы әншілер 3 санатқа бөлініп, екі бағытта өнер көрсетті. Ұйымдастырушыларының айтуынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген сайыс балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, шеберлігінің артуына ықпал етеді .

Ирина Колодаева, ОБЖШО директорының орынбасары:

 – Облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы 20 жылдан астам уақыт бойы жас вокалшылардың қабілетін арттыру мақсатында конкурстар өткізеді. Мәселен, бүгін облысымыздың әр ауданынан жиналған дарынды балалардың саны көп, қарым-қабілеті де жоғары. Қазылар алқасына арасынан ең үздігін таңдау қиынға соғады деп ойлаймын.

Дайындық әр түрлі болғанымен тапсырма біреу. Ауданда жеңімпаз атанып, облыстық турда өз қабілетін сынауға келген жас бұлбұлдардың жеңіске деген талпынысы жоғары. Дегенмен жүзден жүйріктер ғана озып шықпақ. Конкурста Шал ақын ауданынан келген талантты Мерей де жүлделі орын алатынына сенімді.

Мерей Қасымова, байқауға қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Бұл жарысқа мен анама арнап «Анашым» деген әнді дайындап келдім. Бұл әнге екі айдай дайындалдым. Және де ата-анам мені әрқашан қолдайды.

Байқау соңында үздіктер бірнеше аталым бойынша анықталды. Бірінші орынды Петропавл қаласы, Тайынша, Мамлют, Ғ.Мүсірепов және Жамбыл аудандарынан келген қатысушылар иеленді. Ал, жергілікті «Жас дарын» өнер мектебінің тәрбиеленушісі Жасмин Амрина бас жүлдені жеңіп алды.

 

 

Молдир Шаяхмет