МТРА жаңалықтары

Көктемде көшеге егілетін гүл өскіндерінің күтімі

Бархат, сальвия және петуния. Бұл гүлдер мамыр айында облыс орталығының көшелеріне егіледі. Қаламызға жаз бойы көрік беріп тұратын өсімдіктердің түрі-түрі қазір “Коммунхоз” кәсіпорнының жылыжайында өсіріліп жатыр.

«Коммунхоз» кәсіпорнында гүл өсіруге арналған 2 жылыжай бар. Қалаға жаз бойы көрік беріп тұратын гүлдер, міне осы жерде өсіріледі. Өскіндерді баптаумен 22 адам айналысады. Ерекше күтімді қажет ететін көкті жетілдірудің өзі көп еңбекті талап етеді дейді мамандар.

Ирина Савицкая, «Коммунхоз» МКК жұмысшысы:

– Жұмыс уақыты таңғы 9-да басталады. Күнделікті кешкі алтыға дейін гүлдерге су құйып, топырағын қоптысып, күтіп-баптаймыз.

Келешекте көшеге егілетін бұл өсімдіктер теріскейдің құбылмалы ауа райына төзімді келеді. Бүршік атқаннан бастап табиғаттың тосын мінезіне бейімделіп өседі екен. Жаз бойы жайқалған жасылды күз келгенде мамандар тұқымын жинап алып, келесі жылға сақтап қояды. Кейін күн жылынғанда тағы егу үшін.

Елена Широкорядова, “Коммунхоз” МКК көгалдандырушы технигі:

– Қазіргі уақытта гүлдеріміз бүршік атуға жақындап қалды. Өсімдіктерді күн шуағын молынан төккенде қала бойынша еге бастаймыз. Ең алдымен Жеңіс саябағын көркейтеміз. Кейін қала орталығы мен тағы басқа орындарға мамырдың 9-ына дейін отырғызып шығамыз.

Жылыжайда қазір бархат, сальвия және петуния сияқты гүлдердің 5 мыңнан астамы данасы өсірілуде.

Маржан Қасымбек