Тұлға

Ерембек Әубәкіров 80 жасқа толды

1994 жылы елімізде жаңа орган – мәслихаттар құрылды. Сол кезде жергілікті жерде оның хатшысы болып Ерембек Әубәкіров тағайындалды. Сөйтіп, білікті маман бұл лауазымда 3 шақырылым бойы, яғни 2007 жылға дейін қызмет атқарған. Өңір депутаттарына 13 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік еткен ақсақал бүгінде 80 жасқа толып отыр. Өзі талай жыл бойы жұмыс жасаған ғимаратта мерейтой иесін әріптестері мен туғандары құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.

Залға Ерембек Әубәкіровпен бірге еңбек еткен жандар жиылған. Олардың көбі Ерембек Жәмшитұлымен сонау 1994 жылы елімізде алғашқы мәслихаттар құрылғанда бірлесіп жұмыс жасаған депутаттар. Кездесуге келгендер туған күн иесіне құттықтауларын жарыса жеткізіп жатты. Алғашқы сөзді алған облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко Ерембек Әубәкіровке өңір жетекшісінің Құрмет грамотасын табыс етті.

Еркебұлан Мамбетов мерейтой иесін 1994 жылдан біледі. Ол енді ғана депутат боп келгенде Ерембек Әубәкіров ылғи қолдау көрсетіп, кеңес беріп отырған.

Еркебұлан Мамбетов – облыстық мәслихат депутаты:

 -Мен ол кезде жас маман болдым. Шаруашылықты енді ғана бастаған болатынмын. Осы кісімен жұмыс істеп көп тәжірбие алдым. Сондай өте мейірімді, ақылды кісі.

Ерембек Әубәкіровтың іске жауапты қарайтын, талапшыл азамат екендігін онымен хатшылық қызметке дейін де бірлесіп жұмыс жасағандар айтуда. Ал өзінің еңбек жолын еске алған мерейтой иесі еліміз тәуелсіздік алған жылдары тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар туындайтын деп еске алады. Олардың мәселелерін шешу үшін депутаттар қатарынан 2-3 күн бойы сессия өткізіп, бір шешімге келу қиын болатын дейді.

Ерембек Әубәкіров – І,ІІ,ІІІ шақырылымдардағы облыстық мәслихат хатшысы:

– 45 депутат болатын ол кезде. Олар шешім қабылдарда әркім өз жағына тартып, ұзақ уақыт алатын. Кейін соны бір жүйеге келтірдік.

Ерембек Әубәкіров 2007 жылы зейнетке шыққан. Зайыбымен бірге 2 бала тәрбиелеген. Қазір одан 4 немере сүйіп отыр.

Магжан Ахмадина