Білім

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні

Сәуірдің 2-сі – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Осыған орай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында бринфинг өтті. Жиында сөз алған мамандар облыстағы статистикаға тоқталды, емдеу шараларын әңгімелеп, өзекті мәселелерді тілге тиек етті.

Осыдан тура 9 жыл бұрын өңірімізде аутизм дертіне шалдыққан 31 бала болыпты. Ал бүгінде олардың саны 13 есе көп. Яғни, қазір аймақта дамуында ауытқушылығы бар 400-ден аса ұл мен қыз өмір сүріп жатыр. Қазір бұл жандарға білім беру ісі қолға алынуда.

Татьяна Протопопова – СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірімізде аутизм дертіне шалдыққан балаларды оқытатын 7 түзету мектеп-интернаты жұмыс істейді. Оларда 37 балғын инклюзивті білім алады. Ал, 178 шәкірт психологтың көмегімен оқиды. Тағы, қаладағы 6 балабақшада арнайы 15 бөлім бар. Оған 30-дан аса ұл-қыз барады.

Сонымен қатар, былтыр қаламыздағы 21 орта мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылыпты. Енді, биыл мұндай бөлме 23-ші, 27-ші және 43-ші мектепте жұмысын бастамақ.
Өзекті мәселелердің бірі – аутист балғындарды оңалтатын мамандардың жоқтығы. Бүгінде өңірде жалғыз-ақ балалар психиатры бар.

Игорь Ланда – Психологиялық денсаулық орталығының бас дәрігері:

– Оған қоса, денсаулық сақтау министрлігінің тізілімінде аутизм дертіне шалдыққан балаларға арнап арнайы орталықтарды, бөлімдерді ашу жайлы көрсетілмеген. Бүгінде біздің орталықтың жанында 20 орынға шақталған бөлімше бар. Онда өткен жылы 149 аутист балғын ем алды. Ал, биыл 21 ұл-қыз қаралды.

Тағы, брифингте “Улыбка” балалар қайырымдылық қорының президенті Галина Бондаренко да сөз алды. Ол баладан аутизмнің алғашқы белгілері байқалса, бірден дәрігерге қөрсетуге кеңес берді. Сонда дертті ерте кезінде анықтап, айығып кетуге мүмкіндік жоғары болатын көрінеді.

Култанов Байболат