Денсаулық сақтау

Теріскейлік дәрігерлер науқастарға соңғы үлгідегі тізе протезін орнатуда

3 жыл бұрын өңірімізде тізе буынын протездеу ісі қолға алынған болатын. Жыл сайын мұндай отаның 80-ге жуығы жасалады. Бүгіннен бастап аталған операцияға біршама өзгеріс енгізілді. Енді сырқат жерлестерімізге  америкалық ғалымдар шығарған соңғы үлгідегі эндопротез орнатылатын болады.

Соңғы үлгідегі имплантты қазір мамандар теріскей тұрғынының тізе буынына орнатып жатыр. Ота бар-жоғы 45 минутқа созылады. Жарты күннен кейін эндопротезделген аяққа тұруға рұқсат. Операцияның өзі баяғыша жүргізіледі. Яғни, жергілікті ақ халаттылар хирургиялық техникамен жақсы таныс. Бар жаңашылдық тек – имплантта. Оны бірнеше жыл бұрын американдық ғалымдар жасап шығарған екен. Мамандар млн-даған адамның анатомиялық ерекшеліктерін жіті зерттеп, барлығына бірдей сәйкес келетін эндопротезді дүниеге әкелген. Бүгін оны мәскеулік дәрігер Денис Римашевский Петропавл қаласындағы әріптестеріне таныстыруда. Отаны жүргізуді түсіндіріп, лекция да оқыпты.

Денис Римашевский – Ресей халықтар достығы университетінің кафедра доценті, 31-ші қалалық клиникалық аурухананың клиникалық базасының жетекшісі, Мәскеу қаласы, РФ:

– Хирургиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, жаңа имплантты орнату жеңілдей түсті. Әсіресе, науқастың аяғына зақым келтірмеу мүмкіндігі қарастырылған. Эндопротездің материалы жоғары сапалы, ағзаға тез бейімделе алады. Мүлдем тозбайды деп айтуға да болады. Ең маңыздысы – кез келген жағдайға шыдас береді. Имплант әлем бойынша үздік бестікке кіреді. Дүниежүзінің түкпір-түкпірінде 2 млн-нан астам адамның тізе буынына осындай ота жасалыпты.

Қуантарлық жайт, операция солтүстікқазақстандықтарға тегін жүргізіледі. Бұл ретте бір гәп бар. Өңірдегі тұрғындар санына шаққанда аймақта 500 ота жасалуы тиіс. Жергілікті мамандар бұл жүктемені орындай алады. Бірақ, қаламыздағы 3-ші ауруханада оның тек 16 пайызы өткізіледі екен. Ел бюджетінен бөлінетін қаржы тек осыған жетеді дейді бас дәрігер Ержан Әбуғалиев.

Ержан Әбуғалиев – 3-ші қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Биылғы жылы біз 30-дан астам теріскейліктің тізе буынын ауыстырдық. Осындай қарқынмен 12 ай ішінде 120 имплант орната аламыз. Бір операцияның құны 900 мың теңгенің шамасында.

Тізе буынынан бөлек, 3-ші қалалық аурухананың дәрігерлері жамбасқа да имплант орнатады екен.

Эльмира Садвокасова