Білім

Физика мұғалімдерінің халықаралық форумы

“Шексіз педагогикалық кеңістік”. Осындай атаумен бүгін Петропавлда физика пәні мұғалімдерінің халықаралық форумы өтті. Шәкірттердің пәнге деген қызығушылықтарын қалай арттыруға болады? Басқосуда осы мәселе кеңінен талқыланды.

Механика мен термодинамика, Ньютон мен тартылыс заңдары. Физика – өте қызықты пән, бірақ аса күрделі. Сондықтан болар, кейбір оқушылардың пән бойынша үлгерімі мен ынтасы төмен, ал оны ояту – мұғалімнің парызы.

Андрей Солодовник – физика-математика ғылымдарының кандидаты, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– Балаларды физиканы оқуға мәжбүрлемеу керек, оларды таң қалдыра білу қажет. Себебі, физика – бұл табиғат жайлы ілім. Төртінші өнеркәсіптік революцияға аяқ басқан әлемде бұл ғылымға деген сұраныс жоғарылап келеді. Шындығын айтқанда, ЖОО түскен мектеп түлектерінің базалық білім деңгейі жыл санап төмендеуде. Себебі, бұрын физика аптасына 4 сағат оқытылатын, ал қазір бағдарлама 2 сағатқа қысқартылған.

Жеткіншектердің физикаға деген қызығушылығын қалай арттырамыз? Смартфондар мен компьютерлік графиканы пайдалану керек, зертханалық жұмыстарды көбейту қажет, мектептерде физика сағаттарын арттырған абзал. Мұғалімдер қауымы сан алуан нұсқаларды талқылауда. Бұл – физик-ұстаздардың алғашқы халықаралық форумы. Оған көрші Ақмола, тағы Жамбыл, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарынан делегаттар қатысып жатыр. Ресейдің Омбы мен Қорған өңірлерінен де қонақтар бар.

Ирина Ловченко – Петухово №2 орта мектебінің физика пәні мұғалімі, Қорған облысы, РФ:

– Мамлют аудандық білім бөлімімен әріптестік орнатқанымызға 2 ай болды. Бүгін физика және математика мұғалімі ретінде өзімнің 25 жылдық тәжірибеммен бөлісуге келдім. Менің сабақтарымда оқушылар физиканы ауыл шаруашылығы саласында қолдануға машықтанады. Шәкірттеріммен инкубаторлар жасаймыз, тағы магниттік өрістің тұқымдарға әсерін зерттейміз. Бөлісерім көп.

Елена Землякова өткен жылы еліміздің үздік педагогы атанған. Қазір ұстаз өзінің бірегей авторлық әдістемесімен бөлісіп жатыр. Оның көмегімен физиканың қиын заңдарын оқушылар ойнап отырып, оңай меңгереді екен. Зерттеулер мен эксперименттер – жоғары нәтиженің кепілі дейді ол.

Елена Землякова – Бірінші жалпы білім беретін ІТ-лицейдің физика пәні мұғалімі:

– Балалар ең қарапайым деген қондырғыларды өздері құрастырады. Мәселен, мен оларға бір стақан су, пластилин мен қарындаш беремін. Одан оқушылар тығыздықты өлшейтін құрал – ареометр жасаулары тиіс. Балалар тапсырманы орындайды. Осыдан кейін көздерінде от пайда болып, қызығушылықтары артады. Менің сабақтарымда шәкірттер қуана-қуана жұмыс істейді. Араларында соңғы жылдары олимпиадаға қатысушылардың және үздіктердің саны біршама артты.

Жалпы, форум 5 секцияны қамтиды. Шеберлік сағаттары, дәрістер – күні бойы солтүстікқазақстандық педагогтар өзге облыстардан келген және шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуда.

Алтынай Ережепова – С.Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназиясының физика пәні мұғалімі:

– Еңбек өтілі 5 жылға дейінгі жас мамандарға шеберлік сыныбын өткізгелі отырмын. Шеберлік сыныбым критериалды бағалау жөнінде болмақшы. Дәстүрлі бағалауға қарағанда критериалды бағалаудың ерекшелігі жайлы айтамын. Критерийлер мен дискрипторлар баланың алдына беріледі. Олардың көмегімен ол көздеген мақсаттарына жетеді.

Тағы, әдістемелік қамту, оқушыларды зерттеу жұмыстарына тарту, сабақ барысына енгізуге болатын инновациялар. Талқыланған тақырыптардың шеңбері ауқымды, күтілетін нәтиже де оң.
Форум секцияларының бірі “БЭСТ” гимназиясында орналасқан. Мұнда – бастауыш сынып мұғалімдері бас қосты. Жаңартылған білім беру мазмұнына сай балалар жаратылыстануды 1-ші сыныптан бастап оқиды. Мұнда сабақты кішкентай бүлдіршіндер үшін қызықты ету әдістері көрсетіліп жатыр. Мәселен, қазір оқушылар магнит және оның қасиеттерімен танысуда.

Бұл – тәжірибелі педагог Лариса Иващуктың сабағы. Ол ойын түрінде өтуде. Сөзінше, балалар физикалық құбылыстарды өз көздерімен көріп, құрылғыларды қолдарымен ұстау арқылы ақпаратты тез әрі сапалы игереді.

Лариса Иващук – №23 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Қазіргі балалардың эрудициясы кішкентайынан жоғары. Олар мектепке көп нәрсені біліп келеді. Сол білімдерін біз осындай сабақтар арқылы бекітеміз, жаңа деректер беріп, толықтырамыз. Физика пәні 7-ші сыныптан бастап оқытылады. Бұл бүлдіршіндерге / оны игеру болашақта оңайға түседі деп сеніммен айта аламын.

Ал бұл оқушылар алдыңғыларынан сәл ересек. Сондықтан, сабақтың тақырыбы да күрделірек. Олар үйкеліс күші, ауырлық күші, серіппе күші мен архимед күшінің формулаларын меңгеруде. Бұл – физиканың негізгі заңдары. Сабақтардың барысын өзге бастауыш білім мамандары мұқият тыңдап жатыр. Кейбірі видеоға да түсіріп әлек.

Сәния Алгужина – Новоишим қазақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Көптеген мағлұмат алып жатырмын. Физиканы біз жоғары сыныптардан білетін болсақ, қазір 1-ші сыныптарға да енгізіп жатыр. Көптеген физикалық құбылыстарды балалар шешіп, сабақтардан көріп жатырмыз. Мен өзіме түртіп алдым.

Педагогтар көргендерін үлгі ретінде алып, әдістерді өз сабақтарында еркін қолдана алады.

 

Саят Ермек