Қоғам

Қоғамдық көліктің тазалығы қоғам белсенділерін алаңдатады

Петропавлдықтардың мегаполис тұрғындарынан қай жері кем? Қалалық қоғамдық кеңес мүшелерін қоғамдық көліктердің мүшкіл жағдайы алаңдатады. Кезекті отырыста белсенді азаматтар автобустардың тазалығы мен ыңғайлылығын ерекше бақылауда ұстау қажеттігін қадап айтты. Сондай-ақ, жиын барысында қоқыс шығарудың төмендетілген тарифтері талқыланды.

Қоқыс шығару тарифтері былтырғы жылдың жазында жоғарылаған болатын. Ал биыл қызмет құны Ұлттық экономика министрлігінің тапсырмасы бойынша арзандатылып отыр – бұл біріншіден. Ал екінші себеп – соңғы жылдары өңірде тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісі қолға алынған. Нәтижесінде полигондарға жеткізілетін қоқыс көлемі біршама азайыпты. Сондықтан, тарифтерді төмендету мүмкіндігі бар. Енді қоқысты шығаруға көпқабатты үйлердің тұрғындары жан басына – 220, ал жер үйдегі азаматтар 234 теңгеден төлейді. Жаңа бағаны қоғамдық кеңес бір ауыздан қолдады.

Отырыста қаралған екінші сұрақ та баяғыдан ел аузында. Қоғамдық көліктің жыры Петропавлда әлі де таусылмақ емес. Кеңес мүшелері маршруттық автобустардың ескі, лас әрі тар екендігін алға тартуда.

Бейбіт Мұстафина – Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Петропавлдықтардың мегаполис тұрғындарынан қай жері кем? Елордадағы қоғамдық көлікке қарап көзің тояды. Ал біздің автобустар кішкентай болғандықтан, іші адамға үнемі лық толып тұрады. Бұл – қаланың келбеті емес пе?! Қонақтардан ұят!

Қазір қалада 24 бағыт бойынша 330 автобус жүреді. Көлік иелерінің оларды жуып, тазартып, қалыпқа келтіруін бақылауға алу керек. Сондай-ақ, жүргізушілерге бірегей форма да қарастыру қажет дейді қоғам белсенділері.

Бақытжан Сәмиева – Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің төрайымы:

– Тасымалдаушылардың кейбірі автобус паркін жаңарта алмайды. Көбіне қаражат жетіспейді. Біз мұны түсінеміз. Бірақ, жолға шығар алдында автобусты жуып, тазартып қоюға болады ғой. Қоғамдық көліктің іші ұсқынсыз, кіргің де келмейді. ТҮКШ бөлімі тарапынан бақылау қайда? Менің ойымша, осы бағыттағы жұмыстың жүргізілуін қатаң қадағалау керек.

Қоғамдық көліктің қатынау уақытын да ұзарту керек дейді мұндағылар. Себебі, көп көліктер кешкі 8-де тоқтайды. Салдарынан жерлестеріміз таксиге отыруға не діттеген жаяу-жалпылап жетуге мәжбүр. ТҮКШ бөлімінің мәліметіне сәйкес 2019 бен 21 жылдар аралығында қалада 75 жаңа қоғамдық көлік пайда болады. Олардың 18-і үстіміздегі жылы алынбақ. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша қытайдың “зайчиктері” қолданыстан шықпайынша тұрғындардың шағымдары таусылмайды. Сондықтан, Аспан асты елінен импортталған сыйымсыз арзан автобустарды алмай, кең әрі жайлы көліктерге көшу қажет дейді.

Александр Казанцев – Петропавл қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– Соңғы рет қоғамдық көліктердегі жол ақысын өсіргенде тасымалдаушылар 500 млрд теңге табысқа кенелді. Олар түскен қаражатқа автобус паркін жаңарту қажет еді. Бірақ, баяғы “зайчиктерді” сатып алып жатыр. Одан не қайыр? Бұрынғы “Икарус”, “Гормошка” сынды автобустар сияқты іші жылы, ыңғайлы әрі кең көліктерді неге алмасқа?!

Аялдамалар – қоғамдық кеңестің отырысында қозғалған тағы бір түйіткіл. Осыдан бірер жыл бұрын көшелердің бойына шыныдан жасалған 280-ге жуық автобус күтетін орын құрылған. Олар жел мен жаңбырдан қорғамайды деп шағымданды кеңес мүшелері. Сондықтан, жаңаларын теріскейдің ауа райына бейімдеп жасау қажет. Әрі павильондар жергілікті бұзақылардан да қатты зардап шегуде. Олар үшін әйнектің тас-талқанын шығару түк емес. Қазір қала бойынша тағы 76 ескі темір аялдама жаңартуды қажет етеді екен. Павильондардың жаңа үлгілері ұйым өкілдеріне таныстырылды.

Досұлан Босынов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Аялдамаларды модельдеу барысында Еуразия базарының маңында орнатылған павильонды негізге алдық. Оның қаңқасы металдан жасалған, қабырғалары – қалыңдығы 8 мм құрайтын әйнекпен, ал шатыры қаңылтырмен жабылған. Дәл ортасында өткел бар.

Әкімдік өкілдері аялдамалардың 4 үлгісін назарға ұсынды. Олар қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілінен шықпады. Өйткені, жаңа павильондардың қазіргілерден айырмашылығы шамалы, әрқайсысының бағасы 1 млн теңгеден асады. Сондықтан, бұл сұрақты қала құрылысы кеңесіне шығарып, жаңа нұсқаларды қарастыру қажет деді қоғамдық кеңес мүшелері.

Саят Ермек