Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні өтеді

Облыстық онкологиялық диспансерде колоректалды обырдың алдын алу және ерте анықтау туралы баспасөз мәслихаты өтті. Тоқ және тік ішектің қатерлі ісігі өлім-жітім жөнінен әлемде екінші орын алады екен. Бұл дертке шалдықпас үшін ең алдымен тамақтануға ерекше мән беру керек дейді дәрігерлер. Сондай-ақ, уақытында скринигтен өтіп тұру қажеттігін еске салады.

Облыстық онкологиялық диспансердегі ақхалаттылардың айтуынша тоқ және тік ішектің обыры ақырындап өседі. Бұл дертті дәрігерлер тағы колоректалды қатерлі ісік деп атайды. Асқынған жағдайға ғана барып білінеді екен. Баспасөз мәслихатында осы тақырып қозғалды. Аталған ауру өткен жылы өңірдің 13 тұрғынынан табылыпты. 78-і есепке қойылған. Скринингтен 38 мың адам өтсе керек, олардың барлығы – 50 жастан асқан ерлер мен әйелдер.

Олег Дудяк – облыстық онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары:

 – Бізде адамдардың көбі созылмалы колитпен сырқаттанған. Алғашында былай аса қауіпті көрінбегенімен, дәл осы дерт түрі кейін тоқ ішектің обырына әкеп соғуы мүмкін. Жиі іші қатып немесе іші өтетін адамдар тамақтану барысын теңестіре алмайды. Және антибиотиктерді көп пайдалану ішек флорасына қатты зақым келтіреді. Осыдан қабыну процесі туындайды.

Осы ретте диагностика жасаудың тиімді түрі – колоноскопия. Науқастар ауырсынудан қорқып не болмаса ұялғандықтан болар, көбісі бұған келісе қоймайды екен.
Бірақ, дәрігерлердің айтуынша дұрыс дайындық жүргізу мен жақсы психологиялық жағдайда барлығы жеңіл өтеді.

Евгения Иксанова – облыстық онкологиялық диспансерінің эндоскопист-дәрігері:

 – Процедураның өзіне тән ерекшелігі бар. Өйткені, ол бүкіл тоқ ішек бойына жасалады. Бір уақытта ауа жіберу арқылы ішектің қуыс-қуысын жайып, барлығын қарауға болады.

Кейбіреуі боойдағы қорқынышын жеңу үшін наркоз алып қана колоноскопия жасатуға келіседі екен. Бірақ, бұлай істеу қажет емес дейді мамандар. Өйткені, азғаға ауыр соғуы мүмкін. Барлығы мынау жапондық видеоколоноскоппен жасалынады. Құрылғы онкологиялық диспансерге 2014 жылы сатып алыныпты.

Евгения Иксанова – облыстық онкологиялық диспансерінің эндоскопист-дәрігері:

– Құрылғының әйгілі қызметі НБА-жүйе деп аталады. ОЛИМПОС фирмасы патенттеген. Бұл тамырлы суреттің құрылымын барынша нақты көруге мүмкіндік береді және қатерсіз және қатерлі ісікті сипаттауда маңызды болып саналады.

Аппараттың қуаттылығы соншалық, дәрігер оның көмегімен бірден диагноз қоя алады. Кейін ол тұжырым гистологиялық зерттеумен расталады. Колоректалды обырдың пайда болуына себепші болатын бірден-бір себеп дұрыс тамақтанбау көрінеді. Сол себепті, дәрігерлер күнделікті ас мәзіріне жасұнық, жеміс-жидек пен көкөніс және ірі үгінді нан қосуға кеңес береді. Әрі скринингке шақырса міндетті түрде бару керек.
Колоректалды обыр туралы мәліметті көбірек наурыздың 30-ы білуге болады. Сенбіде онкологиялық диспансерде сағат таңғы 9-дан бастап ашық есік күні шарасы ұйымдастырылады. Онколог-дәрігердің консультациясын ешқандай жолдамасыз және тегін алуға мүмкіндік бар.

Данаш Хамзина