ТЖ

Өңірге оңтүстіктен циклон келе жатыр

Дымқыл қар мен жаңбыр. Өңірге оңтүстіктен циклон келе жатыр. Осыған байланысты ауа райы ертеңнен бастап күрт жылынады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.

Қысқа күнде мың құбылатын ауа райынан теріскейліктер не күтерін білмейді. Таңертең ғана күн шуағын шашып тұрса, бірер сағаттан соң қарлы жаңбыр жауа бастайды. Дәл осындай оңтүстіктен келген циклон Ғ.Мүсірепов ауданына өз әсерін тигізіп үлгеріпті. Бүгін 22-00 шамасында ол шаһарымызға да жетпек. Салдарынан жауын-шашын болады деп күтілуде. Түнде ауа температурасы енді 0-ден төмендемейді. Ал сәуір айының басынан 15-20 градус жылыға дейін жетуі ықтимал. Бұл ретте қалалықтарға су астында қаламыз деп алаңдауға себеп жоқ. Коммуналдық қызметтер қауырт маусымда 600 мың текше метр ақ ұлпаны шығарыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 есеге көп.

Қайролла Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің міндетін атқарушы:

– Қаламызда 2 диспетчерлік қызмет жұмыс істейді. Мамандар су өткізгіш құбырларды тазалап, тіршілік көзін сорумен айналысуда. Олар тәулік бойы тұрғындардан келіп түсетін шақыртуларға барады. Айта кету қажет, бүгін таңертең орталыққа тек 2 адам қоңырау шалды. Яғни, шаһардағы еріген қар суына байланысты жағдай ретке келіп жатыр.

Бұл – әрине, қуантарлық жайт. Бірақ, тек қалалықтар үшін. 92 ауылды су басу қаупі әлі сақталып отыр. Олардың 41-і еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін. Тағы 36 селоның тағдыры өзендердің, ал 15-інікі көлдердің арнасынан тасуына байланысты. Бұл елді мекендерде бүгінде 8376 тұрғын бар екен. Төтенше жағдай орын ала қалса, адамдарды қабылдауға өңір бойынша 107 эвакуациялық пункт дайын отыр.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

– 18 елді мекенде қызыл судың алдын-алу шараларын жүргізу мүмкін емес. Олар өзен-көлдердің бойында орналасқан. Ол ауылдарда 2200-дей адам тұрады. Селолардағы жағдай толық бақылауға алынған. Қазір әрбір аудан мен облыс орталығында тәулік бойы жұмыс істейтін тасқынға қарсы штаб құрылды. Мамандар өңір бойынша мониторинг жүргізуде.

ТЖД өкілдерінің айтуынша Есіл арнасына құйылатын кіші өзендерде жағдай бірқалыпты. Су қоймаларының кейбірінде мұзды жару шаралары жүргізіліпті. Алайда, алқаптардағы жағдай бұрынғыша. Ақ ұлпа Мамлют, Аққайың, Қызылжар және Жұмабаев аудандарында көп. Тоқтала кететін маңызды жайт, жер 1,5 метрге қатып қалған. Қар еріп, өзен-көлдер арнасынан таситын болса, тіршілік көзі топыраққа сіңбейді. Тек Ақжар мен Тайынша аудандарындағы жердің тоңы бар-жоғы 3 см-ге жібіген.

Эльмира Садвокасова