МТРА жаңалықтары

Елорданың жаңа атауын теріскейліктер қолдайды

Жаңа атау – жаңа белес! Солтүстікқазақстандықтар елордамыздың Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың құрметіне аталғанына разы.

«Мирас» өңірлік кеңесінің мүшелері мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын бірауыздан қолдап отыр. Облыстық мәслихат депутаты Біржан Жалғасбаевтың айтуынша Қазақстан бүгінгі жетістіктеріне бір күнде қол жеткізген жоқ. Бұл – Елбасы Н.Назарбаевтың 30 жылға жуық уақыт бойы жүргізген сарабдал саясатының нәтижесі. Сондықтан, елорданың Тұңғыш Президентіміздің құрметіне орай аталуы таңқаларлық жайт емес.

Біржан Жалғасбаев – облыстық мәслихат депутаты:

 – Елбасының еліміз үшін жасағаны мол. Біз оны кейінгі ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз.

Еліміздің астанасы бүгінде барша төрткүл дүниеге танымал. Еуразия жүрегі атанған ол бар-жоғы 20 жыл ішінде өзге мемлекеттердің астанасымен терезесін теңестіре алды. Ал бас қаланың жаңа атауы шаһарды одан әрі биік белестерге көтереді деген сенімде теріскейліктер.

Сағындық Салмұрзин – “Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы” РҚБ СҚОФ жетекшісінің орынбасары:

– Шетелдік азаматтармен кездесіп, Қазақстаннан екендігіңді айтқанда бірден Елбасы ауыздарына түседі. Н.Назарбаевтың елімізді аяғына нық тұрғызып, мемлекеттер арасындағы бейбітшілік қарым-қатынасты орнатуындағы еңбегін барлығы жақсы біледі. Сондықтан, астанамызға Тұңғыш Президенттің есімі берілуі дұрыс шешім деген ойдамын.

Тағы мемлекет басшысы облыс орталықтарындағы негізгі көшелерді де Елбасының құрметіне атау қажеттігін айтқан болатын. Қазір шаһарлықтардың жасаған таңдаулары – республикалық ономастикалық комиссияның қарауында.

 

Эльмира Садвокасова