МТРА жаңалықтары

Қызыл судың алдын алуға бағытталған шаралар

525 млн теңге. Биыл өңірде қызыл судың алдын алуға бағытталған шараларға осынша көлемде қаржы бөлінген. Қазір тиісті жұмыстар күн-түн демей қызу жүріп жатыр. Сондай шаралардың бірін бүгін біз де байқап қайттық.

Биылғы жылы қар әдеттегі нормадан екі есеге көп түсті. Ақ ұлпаның салдарын тұрғындар қыста да, көктемде де көріп үлгерді. Коммуналдық қызметтерге бүгінде дамыл жоқ. Олар қазір тәулігіне 24 сағат жұмыс істеп жүр. Себебі, мамандарға шаһарлықтардан күніне ондаған қоңырау келіп түседі екен. Шақыртуларға 6 апаттық бригада жұмылдырылады.

Иван Калашников – “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” КМК операторы:

– Біз тұрғындардың шақыртуларына жылдам баруға тырысамыз. Жұмыс оңай емес. Су өткізгіш құбырлардың дені мұзға толы. Сондықтан, одан тіршілік көзі ары қарай ақпайды. Біз будың көмегімен тазартып, суды сорып аламыз.

Жалпы, тасқынға қарсы шараларға қала бойынша 11 бірлік техника жұмылдырылған. Олардың бірі де қазір бос тұрған жоқ. Бірі – суды соруға, енді бірі құбырлардың ішінде қатып қалған мұзды жібітуге тартылған. Мамандар осы уақытқа дейін тұрғындардан 300-дей қоңырау қабылдапты. Нәтижесінде шаһар көшелері 12 мың текше метр тіршілік көзінен тазартылған. Тиісті жұмыстар жалғасуда.

Павел Булаев – “Тазартқыш, су тартқыш және су өткізгіш ғимараттар” КМК директоры:

–  Жұмыстың басым бөлігі Жұмысшы, Береке ықшам аудандарында атқарылуда. Ойқаладан наурыздың басында қоңырау көптеп түссе, қазір жағдай орнықты. Қазіргі таңда шаһардағы 3 баспанаға су енді. Жағдайды бақылауда ұстаймыз. Бірақ, кейбір үйлер жерге кіріп кеткен, сондықтан тіршілік көзі нысанның ішіне қарай ағады.

Тұрғындар да қарап жатқан жоқ. Баспанасы мен ауласының суға толғанын қаламайтын адамдар қолдарына күрек алып, арықты тазартып жүр. Осылайша, маңайдағы қар суын көшеге беттеуде.

Галина Варнавская :

–  Мұндай жағдай жылма-жыл орын алады. Оған сақадай сай дайынбыз. Үйге арнайы сорғы да алып қойдық. Әрбір адам өз баспанасына жауапты. Сол себепті, көмек қашан келеді деп күтіп отырмай, шаруаны біржақты етуге өзіміз де атсалысу қажетпіз.

Жалпы, биыл қызыл судың алдын алуға бағытталған шараларға өңірлік бюджеттен 525 млн теңге бөлініпті.

Эльмира Садвокасова