Құқық қорғау органдары

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу

«Зорлық-зомбылықсыз үй». Тәртіп сақшылары қалада Әйелдерді қолдау орталығының өкілдерімен бірлесіп акция өткізді. Шара барысында полиция қызметкерлері бұған дейін жанжал туындаған үйлерді тағы бір аралап шықты. Ерлі-зайыптылармен тілдесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

–  На профилактический учёт вас ставили, по защитному предписанию?

– Да.

– В данное время, получается, вы…

– С учёта снят.

– Спиртное?

– Уже год не пью.

Егер тәртіп сақшысы мен тұрғынның арасындағы әңгіме мазмұны осындай болса, бұл профилактикалық шараның оң нәтижесі бар екенін білдіреді. Өйткені, бұрын ішкілікке салынып, отбасы мүшелеріне күн көрсетпеген жанның тиісті жұмыстардың арқасында дұрыс жолға бұрылып келе жатқанын көрсетеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қазіргі қоғамда жиі кездесетін құбылыс деп айтуға болады. Әдетте бұл жағдайда әйел адам жапа шегеді. Жұмыссыз жүрген әрі араққа сылқия тойып алып үйдегілеріне қол көтеретін ер адамдарды полиция қызметкерлері тәртіпке шақырады.
Мәселен, қауіп-қатер тобына кіретін 120-дан астам жанұяға барған олар тағы да құқықбұзушылық жайттарын тіркеп, 20 қорғау нұсқамасын жазуларына тура келген.

Қайсар Қанафин – СҚО ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:

-Осы акция барысында профилактикалық есепте тұрған адамдармен алдын ала жұмыс жүргізіп, оларды есепке қойып не болмаса қорғау нұсқамасын шығарып, одан ары қарай қорғау нұсқамасын бұзса, оларды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 461-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартамыз.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, әдетте ерлерінен жәбір көрген әйел адамдар бұны жасырып қалуға тырысады екен. Ал жазаға тартылмаған тұлғалар өрескел әрекетін қайталауы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін жапа шеккен нәзікжандылар Полиция басқармасындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобына 50-41-87 сенім телефоны бойынша хабарласа алады.

Данаш Хамзина