Білім

Оқушылар облыстық кәсіби шеберлік байқауында бақ сынады

Петропавлда мектеп оқушылары арасында облыстық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Онда ағаш шеберлері, аспаздар мен тігінші жастар сынға түсіп, өз өнерлерін ортаға салды. Дәстүрлі шара соңында он саусағынан бал тамған үздіктер анықталып, марапатқа ие болды.

Мектеп оқушылары арасындағы облыстық кәсіби шеберлік байқауы бірнеше залда өтті. Мына жерде 19 шәкірт өздеріне жүктелген тапсырманы орындап жатыр. Олардың әрқайсысы 3 сағаттың ішінде ағаш балға жасауы тиіс. Жай ғана әзірлеп қоймай, ұйымдастырушылар ұсынған өлшем бойынша дайындаулары қажет. Яғни, бұйымның ұстағышының ұзындығы – 20 см, диаметрі 25 мм-ді құрауы шарт. Тағы, соққышы да белгілі бір көлемде болуы керек. Тапсырманы барлық бала бірдей орындауда. Бірақ, шалақындық Жасұлан Смайыл өзгелерінен алда тұр. Ол өзінің епті қолдарымен істін біразын тындырып тастапты.

Жасұлан Смайыл – байқауға қатысушы, Шал ақын ауданы:

–  Алдымен ұстағышты сүргілеп алдым. Қазір арнайы қағазбен ерсілі-қарсылы үйкеп, кедір-бұдыр жерлерін кетіріп жатырм. Былтыр да облыстық байқауға қатыстым. Онда 2-орын алған едім.

Ал мына жерде аспаздар сынға түсіп жатыр. Олар 3 сағатта бір емес, 2 тапсырманы орындайды. Алғаш болып оқушылар салат әзірлеуі тиіс. Асты көппен бірге №7 орта мектебінің шәкірті Камила Катиенова да жасауда Бұрымды ұзаққа созбай, дәмді аз уақыттың ішінде-ақ дайындап шығарды.

Камила Катиенова – байқауға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Салатты 15-20 минуттың ішінде жасадым. Салатқа картоп, сәбіз, асбұршақ қостым. Өзім үйде жиі ас дайындайтындықтан, тапсырма қиынға соққан жоқ.

Салаттан бөлек, жастар ірімшік қосылған варениктер жасайды. Яғни, қамырды осы жерде әзірлеу керек. Бұған қоса, оқушылар байқау ережесі бойынша үйде «Наполеон» тортын әзірлеп келіпті. Тәтті тағамды шара соңында қазылар алқасы қарап, бағалайтын болады.

Ирина Колодаева – ОБМЖШО директорының орынбасары:

– Әр жылдың көктемгі демалысында облыстық кәсіби шеберлік байқауын өткіземіз. Биылғы шараға 50-ге мектеп оқушысы қатысып жатыр. Жастар Петропавл қаласы мен өңіріміздің аудандарында оқиды. Бүгінгі байқауда ағаш шеберлері мен аспаздардан бөлек, тігіншілер де бақтарын сынауда. Олар қазір Солтүстік Қазақстан кәсіптік даярлау және сервис колледжінде тапсырмаларды орындауда.

Облыстық кәсіби шеберлік байқауы соңында он саусағынан бал тамған жүлдегерлер анықталып, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Байболат  Култанов