Мәдениет

Наурыздың 27-сі – Халықаралық театр күні

Наурыздың 27-сі – Халықаралық театр күні. Осыған орай облыстық қуыршақ театрында салтанатты іс-шара болып өтті. Оның барысында әртістер қауымы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мақтау қағазы және сыйақыларымен марапатталды.

Балалар көзайымына айналған облыстық қуыршақ театры бүгін өздерінің төл мерекесін атап өтуде. Мейрамға орай шығармашылық ұжым өз араларында «Жыл актері», «Жыл дебютанты» және «Жыл суретшісі» сынды номинация иелерін анықтады.

Наталья Жәнібекова, облыстық қуыршақ театры әдеби бөлімінің меңгерушісі:

– Бүгінгі мейрамға арнайы концерттік бағдарлама әзірленді. Қонаққа мүмкіндігі шектеулі балаларды шақырдық. Мерекелік шара олардың көңілінен шығады деген үміттеміз.

Бұл жолы «Жыл актері» аталымы бойынша Алексей Васильев үздік деп танылды. Оның театр сахнасында өнер көрсетіп жүргеніне 6 жыл болыпты.

Алексей Васильев, облыстық қуыршақ театрының актері:

– Қаламызда қуыршақ театры бар екенін алғаш естіген кезде бірден менің қызығушылығым оянды. Еңбек жолымды осында бастағым келді. Көрермендер – кішкентай балалар болғандықтан, олардың қуанғанын, таң қалғанын көріп бір қуат аласың.

Биыл облыстық қуыршақ театрына 29 жыл толып отыр. Алғашқы маусымын «Вини Пух және басқалары» атты қойылымнан бастаған ұжымның қоржынында бүгінде 70-тен астам қойылым бар. Қазіргі таңда театр әртістері түрлі халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

Ақтолқын Солтанханқызы