МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік сатып алулар заңнамасындағы өзгерістер

Жаңа жылдан бастап еліміздегі мамандар жаңартылған мемлекеттік сатып алулар туралы заң бойынша жұмыс істеуде. Құжатқа енгізілген өзгертулер мен толықтырулардың арқасында мемлекеттік сауданы жүргізу үрдісі жеңілдей түсті, ал тапсырыс орындаушы мердігерлерге қойылатын талаптар күшейген.

Заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар өткен жылдың соңында енгізілді. Жаңашылдық мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы жүйені жетілдіруге бағытталған. Біріншіден, мемлекеттік сатып алуды жүргізу процедурасы жеңілдей түсті. Нақтырақ, тікелей шарт жасасудың шекті сомасы ұлғайтылды.

Ердос Багенов – СҚО ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы:

– Жұмыс немесе қызмет тапсырысының құны – 500 АЕК, яғни 1 млн 262 жарым мың теңгеден аспаса, мекеме тендер жарияламай-ақ, белгілі бір мердігермен тікелей келісім жасай алады. Бұрын бұл шекті сома небәрі 100 АЕК құрайтын. Ал аудандық маңызы бар қалалардың, селолар мен ауылдардың әкімдіктері үшін тікелей келісім жасауға рұқсат беретін қаражат мөлшері 7 млн 575 мың теңгені құрайды. Айта кеткен жөн, бұл жаңа норманың тек қызметтер мен жұмыстарға ғана қатысы бар және ол 2021 жылға дейін жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ, енді тапсырыс беруші мекеме мемлекеттік сатып алулар порталында қажетті тауардың фирмасын, атауын немесе маркасын көрсете алады. Ал ескі норма бойынша мұндай жай-жаспар үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған еді. Алайда, мұнда да шектеу бар. Заңдағы өзгерістерге сәйкес, манағы маркасы немесе фирмасы аталған тауардың құны – 1000 АЕК, яғни 2 млн 525 мың теңгеден аспауы тиіс. Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырыс алудан мүдделі компанияларға қойылатын біліктілік талаптары да күшейе түсті. Бұл – заңнамаға енгізілген екінші өзгеріс.

Саят Ермек – тілші:

– Мәселен, елді мекенде көпқабатты үй салу керек делік. Әкімдік мемлекеттік сатып алулар порталында конкурс жариялайды. Оған бұрын кез келген мердігер компания қатыса алатын, тиісті лицензия болса болғаны. Кім ең аз сома ұсынды – сол тапсырысқа ие болды. Кейін кәсіпорынның қауқары жетпей, ғимарат сапасыз салынған жағдайлар көп болды. Жаңа норма осының алдын алып отыр. Енді конкурсқа қатысатын мердігердің тек лицензиясы ғана емес, айналымдағы қаражаты және өз техникасы болуы тиіс. Өйтпесе, ол тендерге жіберілмейді.

Тағы, мемлекеттік тапсырысты орындау сапасын арттыру үшін мердігерлерге демпингтік бағалар ұсынуға тыйым салынды. Енді, құрылыс жұмыстары, ЖСҚ әзірлеу, техникалық бақылау қызметтері және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін компаниялар белгіленген нормадан төмен баға ұсына алмайды.

Саят Ермек