Бизнес және экономика

Кәсіпкерлердің жобасын қаржыландыруға – 600 млрд теңге

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры іскер жандардың жобасын қаржыландырудың жаңа механизмін іске қосты. Аталған бастамаға ел бюджетінен 600 млрд теңге қарастырылған.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Азық-түлік, киім-кешек, жиһаз бен электроника. Бұл – кез келген адамның күнделікті өмірінде пайдаланылатын заттар. Алайда, отандастарымызды қарапайым тұрмыстық дүниелермен қамту үшін елде шығарылатын өнімдердің көлемі аздық етеді. Жыл сайын осы санаттағы тауарларды біз шет мемлекеттерден импорттауға мәжбүрміз. Аталған мақсатқа 6 млрд АҚШ долларынан астам қаржы жұмсалады. Сондықтан, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев өткен жылғы жолдауында өндірісті қолға алып, қарапайым заттарды үнемдеуге басымдық беру қажеттігін атап өтті.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры келешегі зор жобаларды қаржыландырудың жаңа механизмін іске қосты. Бағдарлама желтоқсанның 11-інен өз жұмысын бастады. Ел бойынша несиелендіруге 600 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Оның 100 млрд-ы – ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға, тағы осыншасы – оны қайта өңдеуге, қалғаны өндіріс пен қызмет көрсету саласына жұмсалмақ.

Светлана Назарюк – СҚО бойынша «Даму»кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өңірлік филиалының директоры:

–  Кәсіпкерлер бағдарламаны іске асыруға қатысатын екінші деңгейлі банктердің біріне барып, несиелендіруге өтініш жасайды. Қаржы институты жобаны мұқият зерттеп, оның тиімділігі пен табыстылығына назар аударады. Жылдық мөлшерлеме 15 пайызды құрайды. Оның 8 процентін бизнесменнің өзі төлесе, қалғанын мемлекет субсидияламақ. Несие 7 жылға шақталып беріледі.

Бүгінде қаржыландырудың жаңа бағдарламасын ел бойынша тек 1 кәсіпкер қолданып үлгеріпті. Республика көлемінде тағы 69 бизнесменнің жобасы екінші деңгейлі банктің қарауында жатыр. Олардың 13-і – теріскейлік компаниялар. Өндірісті қолға аламын дегендердің қатарында жергілікті іскер жан – Андрей Исаков та бар. Азаматтың дүкен сөрелеріне жайғастырылатын кей тауардың сапасына көңілі толмайтын көрінеді. Сондықтан, өзінің жеке асхана-фабрикасын ашып, тұрғындарды жаңа әзірленген тамақтармен қамтымақ ниетте. Нысанда нан-тоқаш, кондитерлік өнімдер мен ет, салат сынды 8 түрлі бағыттағы тағамдар әзірленетін болады.

Андрей Исаков – кәсіпкер:

–  Жобаны жүзеге асыруға қажетті 450 млн теңге көлеміндегі несиені АТФ банкі арқылы рәсімдемекпін. Қаржы институты қазір өтінішті қарастырып жатыр. Болашақта цех болады-ау деген нысанды да таптым. Оның аумағы 1600 шаршы метрді құрайды. Өндіріс орнын биыл іске қосқым келеді. Осылайша, 70-ке жуық адамда тұрақты жұмыспен қамтитын боламын. Келешекте ісімді кеңейтуді де жоспарлап отырмын.

Қаржыландырудың жаңа механизмінің талабы бойынша кәсіпкерге тізімде көрсетілген тауарлардың кем дегенде біреуін шығару қажет. Мұндай өнімдердің 365 түрі ұсынылған. Әзірге, теріскейліктерді жиһаз, азық-түлік пен халық тұтынатын дүниелерді жасау ісі қызықтыруда.

Эльмира Сәдуақасова