Денсаулық сақтау

Еңбекке жарамсыздық парағының электрондық үлгісінің тиімділігі

Еңбекке жарамсыздық парағының электрондық үлгісін естігеніңіз бар ма? Ақхалаттылар қауымы оның тиімділігін жарыса айтуда. Қалалық 1-ші емханада өткен жылдан бері аталған құжат қағаз жүзінде емес, бірден компютерде рәсімделеді. Сандық жүйенің үш тарапқа да, яғни дәрігер, емделуші мен жұмыс беруші үшін де айтарлықтай пайдалы тұстары бар.

Владимир Лыжин жұмыста жүріп жарақаттанған. Абайсызда құлап қалып, оң аяғының табан сүйегін сындырып алыпты. Гипс салынған, енді ер адам еңбекке жарамсыздық парағын ашу үшін травматологқа жолығып отыр. Дәрігер науқас туралы мәліметтерді бірден компьтерге енгізіп жатыр. Осы тұста тоқтала кететін маңызды жайт, қалалық 1-ші емханада аталған құжат өткен жылдан бері қағаз жүзінде емес, электронды түрде ұсынылуда.

Алексей Ефремов, қалалық 1-ші емхананың травматологы: 

– Электронды нұсқада барлық дерек толығымен сақталады. Бастысы, қабылдау кезеңділігін сақтап, мәлімет дұрыс енгізілсе болғаны. Бұл бағдарлама мекемедегі барлық дәрігерлер үшін ашық. Тіркеу бөліміндегілер де, жалпы осындағы кез келген маман науқастың ЖСН нөмірін енгізу арқылы басқа дәрігердің парақта қалдырған жазбасын қарап, таныса алады.

Бірақ, кей жағдайда еңбекке жарамсыздық парағын қағаз жүзінде де рәсімдеуге тура келеді. Өйткені, қаладағы жұмыс берушілердің барлығы дерлік ескіше үлгіні талап етеді екен. Мамандардың айтуынша, электронды түрде әзірленген құжатты қолдан жасап алу мүмкін емес әрі тиісті жәрдемақыны есептеу кезінде қателіктерге жол берілмейді. Бұл нұсқаның бұдан басқа да артықшылықтары бар көрінеді.

Александр Гассман, қалалық 1-ші емхананың статист-дәрігері:

– Қағазбастылық тыйылады. Науқас параққа қол қойдырып, мөр бастырмайды. Мұның барлығы компьютерде жасалады. Сондай-ақ, емделушінің Damumed қосымшасынан құжаттың қалай толтырылғанын қарауына мүмкіндігі бар әрі мәліметтерді жазу барысында қате тапса, ол туралы да уақытында хабарлай алады.

Осы ретте медициналық мекеме ақша жағын да үнемдейді екен. Өйткені, санаулы ғана уақытта сансыз жұмсалатын әрі қымбат тұратын бума-бума қағазды сатып алудың қажеттігі шамалы. Еңбекке уақытша жарамсыздық парағының электронды үлгісін енгізгелі бері қалалық 1-ші емханада 5 мыңнан астамы рәсімделіпті. Осылайша, сандық жүйенің мүмкіндігін пайдалану аясын мұнда одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Мәселен, алдағы уақытта анализ тапсыратын бөлмеге электронды кезек құрып, тұрғындардың медициналық картасы да жаңаша үлгіде жасалмақшы.

Данаш Хамзина, Кристина Юсичева