Аптадағы маңызды жаңалықтар

Аграрийлердің көктемгі егістік науқанына әзірлігі

Сәуірдің соңы-мамырдың басында жергілікті диқандар егістік науқанын бастайды. Агроқұрылымдар бүгінде көктемгі-дала жұмыстарына әзірленіп, техникасын сайлап жатыр. Тағы маңызды науқанға тұқым, гербицид пен тыңайтқыш және жанар-жағармай қорын дайындау үстінде. Мәселен, Мамлют ауданында биыл 250-ден астам агрұқұрылым шамамен 166 мың гектар алқапқа егін екпекші.

Мына “Беларусь” тракторлары кәсіпкер Раиль Мендеевтің техника паркінде тұр. Олардың зауыттан шыққанына биыл 27 жыл толады. 94-ші жылы шаруа қожалығы жұмысын бастағанда небәрі 15 га алқапта дәл осы техника жұмыс істеген екен. Уақыт өте келе егістік жерлерінің көлемі ұлғаяды, ал машина қатары ескіре бастайды. Сонда аграрий шетелдік қуатты комбайндар мен тракторларды сатып алуды шешкен.

Раиль Мендеев – “Оптимум-Петро” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Біз ескі техникамен алысқа бармайтынымызды түсіндік. Сондықтан, 2007 жылы “АстанаҚаржы” компаниясынан несие алып, алғашқы “John Deer” комбайны мен себу кешенін сатып алдық. Содан бері еңбек өнімділігі мен табысымыз артты. Сәйкесінше, жұмысшылардың жалақысын да өсірдім. Механизаторлар баяғыдай күні-түні жұмыс істеп, шаршамайтын болды.

Қазір ескі “Беларусь” тракторлары – көмекші техника. Ал олардың орнын манағы “John Deer” және “Claas” сынды машиналар басқан. Олар механизаторлардың жұмысын әжептәуір жеңілдетеді екен. “Оптимум-Петро” серіктестігінде бүгінде 4,5 мың гектар алқап бар. Мұнда бидай, арпа, сұлыдан бөлек, күнбағыс, рапс, зығыр, қарақұмық, тіпті картоп егіледі. Агроқұрылым мамандары көктемгі-дала жұмыстарын сәуірдің соңында бастауды жоспарлап отыр. Бүгінде механизаторлар ауыл шаруашылығы техникасын тексеріп, алдағы жұмысқа дайындауда.

Саят Ермек – тілші:

– Парктегі техниканың басым бөлігі жаңа. Мұның оңтайлы тұстары көп дейді механизаторлар. Себебі, тракторлар мен комбайндарды көктемгі дала жұмыстарына дайындаудың да қажеті жоқ. Тек майын ауыстырып, аккумуляторын қайта орнатсаң болғаны, ойланбастан алқапқа шыға беруге болады.

Сондықтан, қазірдің өзінде шаруашылықтың паркі егістік науқанына сақадай сай. Мұнда жаңа “Паттингер” себу кешені бар. Оның құрамындағы тырма мен қопсытқыш қысқа уақытта жерді дән сіңіруге әзірлейді. Өткен жылы агротехнопарк тағы екі “John Deer” тракторы және “Claas” комбайнымен толыққан. Ал тұқым, гербицид пен тыңайтқыш және жанар-жағармай алу үшін серіктестік Аграрлық несие корпорациясының көмегіне жүгінеді. Мұнда диқандар үшін заем қарастырылған.

Руслан Тюлькин, «Агралық несие копорациясы» АҚ СҚОФ несиелендіру бөлімінің басшысы:

– Негізінен, қарыз айналымдағы қаражатты толықтыру үшін беріледі. Жыл басынан бері қаржы сұрап корпорацияға 175 шаруа жүгінді. Олар барлығы 9 млрд 800 млн теңгеге өтініш білдірді. 134 қарыз алушының сұранымы мақұлданып, оларға 5 млрд теңгенің заемын беріп үлгердік.

Бұл жолы Мамлют ауданында 250 шаруашылық 165 жарым мың гектар жерге дән сіңірмекші. Бәрі бүгінде көктемгі-дала жұмыстарына қызу әзірленіп жатыр.

Ринат Қазантаев – Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Бүгінде аудан агрқұрылымдары 6,6 мың тонна тыңайтқыш сатып алу бойынша келісім шартқа отырды. Сондай-ақ, олар үшін 16,5 мың тонна тұқым әзірленіп қойған. 15 мыңы дәнді және бұршақ дақылдарының тұқымдары болса, 1,5 мың тоннасы – майлы дақылдар. Тағы 291 тонна элиталық сұрыпты бидайдың тұқымы сатып алынады. Шаруашылықтарға барлығы 3040 тонна жанар-жағармай қажет. Бүгінде оның жартысына жуығы дайын.

Жыл басынан бері Мамлют ауданындағы агроқұрылымдар 942 млн теңгенің 51 бірлік техникасын сатып алған.

Саят Ермек