Спорт

Солтүстікқазақстандық волейболшылар жүлделі оралды

Наурыздың 14-і мен 21-і күндері аралығында Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында Дүниежүзілік жазғы арнайы олимпиада ойындары өтті. Онда әлемнің 190 мемлекетінен жиылған 7 жарым мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан күш сынасты. Жаһандық жарысқа теріскейлік спортшылар да қатысып, жүлдегер атанды. Ел намысын абыроймен қорғаған солтүстікқазақстандықтарды жергілікті қауым Петропавл халықаралық әуежайынан қарсы алды.

Жаһандық жарыс жүлдегерлерін солтүстікқазақстандықтар құшақ жая қарсы алды. Себебі, бұл жандардың еңбегі ерен. Олар – дәлірек айтсақ, волейболшылар Абу-Дабиде өткен Дүниежүзілік жазғы Арнайы Олимпиада ойындарында 3-ші орын иеленді. Айта кетейік, жерлестеріміз әлемдік деңгейдегі мұндай додаға алғаш рет қатысып, жүлдегер атанып отыр.

Людмила Журавлева – Тайынша әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жетекшісі:

– Олимпиада ойындарына әлемнің 190 елінен келген 7 жарым мыңнан аса спортшы қатысты. Бізге 200 мың ерікті қызмет көрсетті. Жарыстың ашылу салтанатында 500 мың көрермен болды. Волейболдан алтын жүлдені 32 команда сарапқа салды. Жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы А класына түсті. Онда мықты ұжымдар жиналған. Дегенмен, бұған қарамай спортшыларымыз намысқа тырысып, жүлдегер атанды.

Жалпы, әлемдік жарыста Қазақстан намысын қорғаған команда құрамында 5 жерлесіміз болыпты. Қалғандары өзге аймақтардың спортшылары екен. Бұл жандар 9 ойында жеңіске жетіпті. Осылайша, жартылай финалға жолдама алған. Отандастарымыз ол сында тегеурінді Корея құрамасымен кездесіпті.

Евгений Лысенко – Дүниежүзілік жазғы Арнайы Олимпиада ойындарының жүлдегері:

– Бұл ойын өте қиынға соқты. Біз кореялық спортшыларды ұту үшін барымызды салған едік. Бірақ, ол қолымыздан келмеді. 25:17 есебімен ұтылып қалдық. Осылайша, 3-ші орын бұйырды.

Солтүстікқазақстандық волейболшылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Жерлестеріміз сәл тынығып, келесі Арнайы Олимпиада ойындарына дайындықты бастамақ. Ол жарыс 2023 жылы Берлинде өтеді.

Байболат  Култанов