Құқық қорғау органдары

Петропавлда үй тонаған ұры ұсталды

Петропавлда үй тонаған ұры ұсталды. 42 жастағы баукеспе ішке пластик терезені бұзу арқылы кірген. 1 жарым млн теңгенің дүниесіне ие болған соң оқиға орнынан тайып тұрған.

Қылмыс жасап, құтылып кетпекші болған баукеспе көп ұзамай құрықталды. Бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотты болған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Үй тонаған тұлға 5 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оның қолды қылған дүниелері, яғни бағалы ішіктер мен бас киім, әшекей бұйымдар қожайындарына тергеу амалдары аяқталған соң қайтарылып берілмек.

Өңірдің тәртіп сақшылары облыс аумағында 3 күн бойы жүргізген “Ұрлық” жедел-алдын алу шарасы барысында үй тонаумен айналысқан барлығы 23 баукеспені ұстаған. Жалпы, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өңірде пәтер ұрлығы биыл азайған көрінеді.

Мадияр Харипов – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі: 

– Солтүстік Қазақстан облысы аумағында жыл басынан 256 пәтер ұрлығы тіркелді. Былтырғы жылы 299 факті болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда 14,7%-ға азайды.

Данаш Хамзина