Қоғам

Облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі ауысты

Ауызбіршілік пен ынтымақ. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы елдегі ең көпұлттысы саналады. Бүгінде мұнда 26 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Соңғы бес жылда жергілікті ұйым хатшылығын басқарған Наиль Салимов лауазымын босатты. Бүгін ассамблея мүшелеріне жаңа меңгеруші таныстырылды.

Мұратбек Зейнуллин өзінің заңды жұмыс орнына жайғасуда. Дін істері басқармасының бұрынғы басшысы бүгіннен бастап облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының хатшылығын басқарады. Өңір басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет жаңа меңгерушіні ассамблея ұжымына таныстырды.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Біз барлық ережелер бойынша конкурс жарияладық. Оның нәтижелері бойынша облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұл лауазымға Мұратбек Зейнуллинді лайықты деп тапты. Ол ұзақ жылдар бойы қорғаныс саласында қызмет етті. Соңғы бірнеше жыл дін істері басқармасында еңбек етіп, ұлтаралық, конфессияаралық ауызбіршілікті сақтауға сүбелі үлесін қосты.

Ал облыстық ассамблея хатшылығының бұрынғы меңгеруші Наиль Салимов енді білім беру саласында жұмыс істейді. Нақтырақ айтатын болсақ, қалалық №21 мектептің директоры қызметін атқарады. Ол хатшылыққа жетекшілік еткен 5 жылдың ішінде тындырылған шаруа жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, этомәдени бірлестіктердің саны біршама артқан.

Наиль Салимов – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының бұрынғы меңгерушісі:

– Бүгінде теріскейде 26 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 5 жыл бұрын олардың саны 22 болатын. Тағы аудандарда 150-ден астам бірлестік бар. Біз Қазақстанда алғаш болып “Қоғамдық келісім” ұйымын құрдық. Мұнда білікті мамандар жұмыс істейді. Олар қайырымдылықпен айналысып, ассамблея бастамаларын жүзеге асыруға көмектеседі. Мұратбек Зейнулиннің жетекшілігімен бұл жұмыстардың әрмен қарай жалғасатынына кәміл сенемін.

Ассамблея қызметі ұлт пен ұлыстар арасындағы татулық пен бірлікті сақтау жолында жұмыс істейді. Лауазым жауапты дейді хатшылық меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин. Сондықтан, артылар жауапкершілік те жоғары, атқарар жұмыс та ауқымды.

Мұратбек Зейнуллин – облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:

– Бұл лауазымға дейін мен 6 жыл көлемінде дін басқармасының басшысы болдым. Ол кезде дінаралық және ұлтаралық қарым қатынас бірге жүретін. Сол саясатты осы жерде де ұстанамын. Этномәдени орталықтардың басшыларын жақсы білемін. Бірлескен жұмысты әрі қарай жалғастырамыз.

Жергілікті этномәдени бірлестік өкілдері ұлтаралық келісімді одан әрі нығайту жолында жемісті жұмыстарын жалғастыра бермек.

Саят Ермек