Денсаулық сақтау

Өңірде мейірбике күтімі бөлімшесі жұмыс істеп тұр

Өңірде өткен жылдың қаңтар айынан мейірбике күтімі бөлімшесі өз жұмысын бастады. Нысан 1-ші қалалық аурухана жанынан құрылған. Аталған жерде 30 орынға шақталған 14 палата бар. Оның 9-ында қарапайым күтім шаралары жүргізілсе, қалған 5-уінде науқастарға паллиативті көмек көрсетіледі. Сырқат жандар мұнда 20 күннен 2 айға дейін ем ала алады.

Қала тұрғына Татьяна Шверт осы жылдың басында инсульт алған. Облыстық ауруханада 1 апта емделгеннен соң, портал арқылы осы бөлімшеге жіберіліпті. Келген бетте аяғы мен қолын қозғалта алмаған нәзікжандының жағдайы қазір біршама жақсарған. Себебі, бұл жерде оған күнделікті күтім жасалады.

Татьяна Шверт:

– Мұнда түскенде жағдайым ауыр болды. Өздігімнен жүре алмадым. Басым да қатты ауыратын. Оның бәрі артта қалды. Қазір өзімді жақсы сезінемін. Кешке қарай қасымдағы науқастармен бірге теледидар көреміз. Бөлімшеде бір ай көлемінде жатырмын.

Ал Серік Ережепов болса, бұл жерге екінші рет келіп отыр. Алғашында мұнда мидағы қан айналымының бұзылуымен жатқан екен. Ал өткен жылдың желтоқсанында ол автобустан шығып бара жатқанда құлап қалып, тобығын шығарып алған. Тиісті ем-дом жүргізілгеннен кейін осында жіберіліпті. Қазір 67 жастағы азамат күнделікті массаж бен физиотерапия шараларын қабылдап жүр. Зейнеткердің айтуынша, мұнда әрбір науқасты жылы қабылдап, қажетті көмектің барлығы көрсетіледі.

Серік Ережепов:

– Мен мұнда балдақпен келдім. Қазір жазылып шығып, үйге кетейін деп жатырмын. 1,5 ай жатырмын. Массаж істейді, дәрі береді.

1 қалалық аурухана базасында ашылған мейірбике күтімі бөлімшесі өткен жылдың қаңтар айынан жұмыс істей бастаған екен. Мұнда 30 орынға шақталған 14 палата бар. Оның 9-ында қарапайым күтім шаралары жүргізілсе, қалған 5-інде паллиативті көмек көрсетіледі. Бұл емнің мақсаты – ауруы асқынып, өмірінің соңғы күндерін өткеріп жатқан науқасты физикалық, психикалық және эмоционалды тұрғыда қолдау.

Светлана Федосеева – №1 қалалық аурухананың мейірбике күтімі бөлімшесінің аға мейірбикесі:

– Мейірбике күтімі бөлімшесі – облыс бойынша осындай алғашқы нысан. Мұнда науқастар тек ем алып қана қоймай, оларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Бізге келетіндердің арасында балалары үйінен қуып шыққан және өз-өзіне күтім жасауға қауқары қалмаған жандар да бар. Бөлімшеде олар 20-30 күн жатып ем қабылдайды. Жалпы, бүгінде 22 науқас емделіп жатыр.

Бөлімшеде барлығы 8 мейірбике мен 8 санитар еңбек етеді. Олар әр пациентке жеке күтім жасайды. Яғни, тамағын беріп, жуындырады. Сондай-ақ, мұнда алдағы уақытта логопед маманын жұмысқа алу жоспарланып отыр.

Молдир Шаяхмет