Спорт

Футзалдан республикалық чемпионат өтуде

Петропавлда қыздар мен ұлдар арасында футзалдан республикалық чемпионат өтуде. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 18 команда қатысып жатыр. Паркеттегі алғашқы кездесу Алматы облысы мен теріскейлік құрама арасында өтті. Солтүстіктің намысын Жамбыл ауданынан келген команда қорғап жатыр.

Футболшылардың аяқ алыстары жаман емес. Олар наурыздың 23-і бастау алған жарыста екі бірдей матч өткізіпті. Қоржындарында бір жеңіс пен жеңілістен бар. Ал, бүгінгі ойын жергілікті аяқдоп шеберлерінің жартылай финалға өту, өтпеуін шешеді. Артылған жауапкершілік мол. Оны жасөспірімдер де түсінеді. Сондықтан болар жерлестеріміз қарсыластарын 6:0 есебімен ойсырата жеңді.

Нұрболат Селімгерей, СҚО командасының ойыншысы:

– Республикалық жарыс болғандықтан, осал команда жоқ. Мұнда шағын футболдың үздік командалары жиылған. Сондықтан, мықтап дайындалдық. Балалармен бұрыннан бері бірге ойнаймыз. Бір-бірімізді алаңда жақсы түсінеміз. Ұйымшылдықтың арқасында Алматы облысының жастарын жеңе білдік.

Жарыстың ерекшелігі – сайыста ұлдармен бірге, бұрымдылар да бақтарын сынауда. Додаға қатысуға нәзікжандылардан құралған 7 команда ниет білдіріпті. Қазір алаңда Маңғыстау мен Жамбыл облыстарының футболшы қыздары ойнап жатыр. Алғашқылары финалға жолдама алып үлгеріпті. Сондықтан болар, бұл матчты бәсең өткізуде. Есесіне мүмкіндікті қарсыластары ұтымды қолдана білді. Ал, маңғыстаулықтар 3:2 есебімен есе жіберсе де, қобалжымайды. Күштерін ақтық ойынға саламыз деп отыр.

Диана Нәбиева, Маңғыстау облысы командасының ойыншысы:

– Маңғыстау облысы Қызылсай ауылынан келіп отырмыз. Жыл бойы дайындалдық. Жүлделі орынмен қайтамыз деп үміттенеміз.

Жалпы чемпионатта бақтарын сынау үшін Петропавлға 18 команда келген. 3 күндік ойыннан кейін финалда өнер көрсететін құрамалар белгілі болыпты.

Қанат Сәдуақасов – Дене тәрбиесi, спорт және АӘД өңiрлiк оқу-әдiстемелiк орталығының директоры:

– Ойындардың нәтижесі өте жақсы. Ұлдар арасында финалға Ақтөбе, БҚО, СҚО, Қарағанды облыстары үздік төрттікке енді.

Қыздар арасында финалға Алматы, Қызылорда, Маңғыстау мен Солтүстік Қазақстан облысының командалары жолдама алыпты. Чемпионат наурыздың 30-ына дейін жалғаспақ.

Эльмира Садвокасова