Балалар

Елорданың жаңа атауын қолдауға арналған шаралар өтті

Кеше шаһарда Ұлыстың ұлы күнін мерекелеуге және елордамыздың жаңа атауына қатысты қолдау білдіруге арналған түрлі іс-шаралар өтті. Оның аясында тұрғындар орталық алаңда концерт тамашалады. Және М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да ұйымдастырылған жиында Елбасының ел дамуына сіңірген еңбегі сараланды.

25-ші наурыз – бес күнге жалғасқан мерекелік демалыстардың соңғы күні. Жұмыс аптасының алдында петропавлдықтар Ұлыстың ұлы күнін әлі де тойлау үстінде. Бұқараны шаһар өнерпаздары Наурыз мейрамымен тағы бір қайтара құттықтап жатыр.

Орталық алаңда жамағат үшін викторина ұйымдастырылды. Сұрақтар әз Наурыз мейрамының пайда болу тарихы, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, мерекеде әзірленетін ұлттық тағамдарға қатысты болды. Ең тапқыр әрі білімді жерлестерімізге үтік, блендер, электр шәйнек сынды сыйлықтар тарту етілді.

Құралай Амантай:

– Мен киіз үйдің құрылымы туралы айтып бердім. Менің ойымша, сұрақ онша қиын болған жоқ. Кофемолканы ұтып алғаныма қуаныштымын. Енді онымен кофе ішетін боламын.

Айта кеткен жөн, өткен апта маңызды саяси оқиғаларға толы болды. Соңғысы – елорда атауының өзгертілуі. Жаңалық қазір ел аузында. Бұл қадамның мәні мен маңызын жұртшылық түсінеді, сондықтан қолдайды.

– Бізге егемендік әперді, сондықтан Елбасы Н.Назарбаевтың еліміз үшін орны өте бөлек. Еліміздің ордасын “Нұр-Сұлтан” деп атау біздің халқымз үшін керек деп ойлаймын.

– Астананың “Нұр-Сұлтан” болғанына көзқарасым жаман емес. Барлық ел құптаса біз де құптаймыз. Қазақстанымыз аман болсын, елге тыныштық берсін, балаларымыз аман болсын.

Бас қаламызды әлем таниды, ал “Нұр-Сұлтан” ретінде оның беделі одан әрі арта түспек. Бұл – өңір жастарының пікірі.

Абылайхан Қайроллаев – “Jas Otan” ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Спорт саласы болсын, мәдениет саласы болсын Астана деген – үлкен бренд. Барша әлем осы брендті біледі. Қазіргі таңда, “Нұр-Сұлтан” деген бренд тез арада мемлекетке, халыққа жақсы сіңіп, тарап кетеді.

Мұндай концерт М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да да өтті. Студенттер мен оқытушылар да Астананың жаңа атауымен келіседі. Сөздерінше, бұл – Ұлт көшбасшысына деген құрметтің белгісі. 50 жылда ел жаңа дейді қазақ. Ал Нұрсұлтан Назарбаев 25 жылдың ішінде дамыған 50 елмен мемлекетіміздің терезесін теңеді.

Ақмарал Ибраева – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ проректоры:

– Дұрыс саясатты қабылдаудың арқасында ғана ешқандай жанжалсыз, саяси аренадағы кері күштің әсерінсіз Қазақстан өзінің даму жолын таңдай білді. Бұл, ең алдымен, Елбасының саясаты. Н.Назарбаев жастарға жол беремін, жастар Қазақстан болашағы деп мәлімдеген болатын.

Акцияға 500-ден астам жас қатысты. Елбасы салған сара жолды жалғастыру – солардың парызы. Сондықтан, өскелең ұрпақ үшін бүгінде қажетті жағдайлардың бәрі жасалуда.

Саят Ермек