Аптадағы маңызды жаңалықтар

92 елді мекенді су басу қаупі бар

Биылғы қыс қарға сараң болмады. Салдарынан ақ ұлпа күрт еритін болса өңірдегі 92 елді мекенді тасқын су басуы мүмкін. Қызыл судың шарықтау шегі сәуір айының бірінші онкүндігіне белгіленген.

Көктем келісімен өңірде төтенше жағдайдың алдын алуға дайындық күшейді. Бірақ, облыс аумағындағы 92 елді мекенді су басу қаупі әлі сақталып отыр. Қазір төтенше жағдайлар департаменті мен арнайы қызмет мамандары тасқынды болдырмаудың амалдарын жасау үстінде. Еріген қар суынан бөлек, алдағы уақытта солтүстікқазақстандықтарды жауын-шашын да күтіп тұр. Келесі екі апта ең қауіпті кезең болмақ. Наурыздың 26-сы мен 29-сы аралығында қар қарқынды еріп, мұз жібиді, тағы өзендердегі тіршілік көзінің деңгейі көтеріледі. Ал сәуір басталысымен ауа температурасы түнде 5, күндіз 10-15, кей жерлерде плюс 20 градусқа дейін жоғарылайды.

Қымбат Мерғалимова – “Қазгидромет” ШЖҚ РМК СҚОФ директоры:

– Наурыздың 25-і Сергеев су қоймасы 93 пайызға толды. Яғни, ондағы су көлемі 647 млн текше метрді құрайды. Егістік алқаптарында жүргізілген аэротүсірілімнің нәтижесіне сәйкес, қар жамылғысының қалыңдығы – 8 бен 34 см-дің арасында. Кей жерлерде әдеттегі нормадан 50-90 пайызға көп. Тайынша мен Ақжар аудандарында аумақтың 40 пайызындағы ақ ұлпа еріген. Қалғандарында қар әлі толық көлемде жатыр.

Салдарынан су тасқынының шарықтау шегі Есіл өзенінің тармақтарында – бірінші онкүндікте, Сергеев гидроторабында айдың ортасында болады деп күтілуде. Ал петропавлдықтар үшін аталған кезең сәуірдің 29-ы мен мамырдың 3-і аралығында орнауы мүмкін. Сондықтан, төтенше жағдайға дайын болу керек. Бірақ, бұл ретте аудандықтарда бірқатар проблемалар кездеседі екен. Елді мекендерден қар шығару мәселесі бүгінде өткір тұр. Қыс пен көктем айларында ауылдар 786 мың текше метр ақ ұлпадан тазартылыпты. Дегенмен, техниканың жеткіліксіздігі немесе жұмыстың жүйелі ұйымдастырылмағандығынан болар, кей аудандарда атқарылған шаруа деңгейі көңіл көншітпейді.

Рамиль Камалов – СҚО ТЖД бастығы:

–  Жамбыл, Уәлиханов пен М.Жұмабаев аудандарында қар шығаруға қажет эскалатор біреу ғана. Ал Тимирязевода мүлдем жоқ. Оған қоса, Айыртау, Мамлют, Есілде қатып қалған жердің тоңын жарып, кескілеуге арналған тракторлар жеткіліксіз. Кей аудандарда тіптен жоқ. Сондай-ақ, Жамбыл, М.Жұмабаев аудандары пен тимирязевтықтар төрт түлікті эвакуациялауға дайын емес. Мұнда тек 2 жүк техникасы қарастырылған.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Аймақтағы елді мекендердің барлығында дерлік ауыл шаруашылығы техникасы бар. Селолардағы қарды К-700 сияқты ауыр машиналармен шығаруға болады. Қолда барды пайдаланып, топан судың алдын алу шараларын жүргізу қажет. Аудан әкімдеріне осы бағыттағы шараларды күшейтуді тапсырамын. Эскалатор сынды арнайы техника болмауы мүмкін. Бірақ, осы уақытқа дейін қолданып келген ауыр машиналарды жұмылдырыңыздар.

Бұған, әсіресе жамбылдықтарға құлақ асқан жөн. Аталған ауданда қазір қар да, еріген су да көп. 4 елді мекен қауіпті аймақтар қатарына кіріп тұр.

Мұратбек Әбішев – Жамбыл ауданының әкімі:

– Бұл ауылдардағы 8 үйді су басуы мүмкін. Қар шығару бойынша тиісті шараларды жүргізіп жатырмыз. Аудан бюджетінен 9 млн теңге қаржы қарастырылған.

Қағаз жүзінде аудандықтарда барлығы сақадай-сай. Қызыл судың алдынт алу шаралары жүргізілуде, техника дайын, эвакуацияны талап етілмейді. Бірақ, облыс әкіміне берілген есеп пен төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі сәйкес келмеді. Өңір жетекшісіне проблеманы ашық түрде тек Тимирязев ауданының басшысы Нұрлан Кеңесов жеткізе алды.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

–  Зардап шегуі мүмкін 4 ауылдың тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары және оқу-жаттығу шаралары жүргізілді. Бізде трактор, мотопомпа, машина, сорғы мен қайық сынды қажетті техниканың барлығы бар. Бірақ, бульдозер мен эскалатор жоқ. Алғашқысы істен шықты, қазір оны жөндеу үстіндеміз. Ал эскалатормен көмек көрсетсеңіздер деймін.

Петропавл қаласын да назардан тыс қалдырмау қажет. Береке, Ойқала мен Жұмысшы кентінің тұрғындарынан шағым көптеп түсуде. Қар уақытылы шығарылмағандықтан, қазір көшелерді су басқан. Не адамдар өте алмайды, не көліктің қатынауына жол жоқ. Шаһарда тіршілік көзін соруға арналған тек 6 бірлік техника бар. Бұл жеткіліксіз.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

–  Суды сорумен айналысатын жеке кәсіпорындармен қосымша келісім шарт жасаңыздар. Кейін тұрғындардан түскен арыз-шағым бойынша бірден мекен жайға барып, проблеманы шешу қажет. Ал, аудан мен ауылдық округ әкімдеріне апат қаупі төніп тұрған әр үйді аралап, көшелерді қардан жақсылап тазартуда тапсырамын. Түнде ауа райы техниканың жұмыс істеуі үшін, әзірге қолайлы. Бұл жұмысты кешіктіруге болмайды. Оған қоса, бүгіннен бастап барлық төтенше қызметтердің мамандары 24 сағат бойы кезекшілік құрулары тиіс.

Аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жүктелген міндеттің орындалуы апта соңында өткізілетін кезекті жиында қаралатын болады.

Эльмира Сәдуақасова