Кешкі жаңалықтар

Наурыз мейрамына арналған арнайы мерекелік шығарылым

Мағжан Ахмадина – тілші:

– Көктем келісімен барша жұрт Наурыз мерекесін ерекше күтетіні жасырын емес. Өйткені, елімізде Ұлыстың ұлы күнін думандатып тойлау әдетке айналған. Өңіріміз де қалыс қалып жатқан жоқ. Биыл мейрамды тойлау айдың 14-інде басталған болатын. Ал негізгі шаралар кешеден бері өтіп жатыр. Бүгін шаһардың басты алаңына келгендер мұнда тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралап, концерттік бағдарламаны тамашалай алды.

Олар үшін сахнада эстрадамыздың жарық жұлдызы Нұрлан Абдуллин өз өнерін көрсетуде. Әнші өңірімізге жиі келеді. Өйткені, солтүстікқазақстындық көрермен әрқашан ерекше жылы қабылдап, зор қошемет көрсетеді дейді. Сондықтан, ол аға буын өкілдері де, жастар да тыңдайтын бірнеше әнін шырқап, жиылғандардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Концертті тамашалауға келгендер сүйікті әншісімен суретке түсіп, эстрада жұлдызының құттықтауына қарқ болды.

Нұрлан Абдуллин – әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Ұлыстың ұлы күні – Наурызымыз құтты болсын. Ауызбіршілік болсын. Еліміз аман, жұртымыз тиыштықта болсын. Наурыз құтты болсын. Ақ мол болсын.

Алаңда тойшылап жүрген жұртқа өңіріміздің өнер ұжымдары да ән-жырдан шашу шашып, мереке көркін қыздыра түсті.

Сондай-ақ, шаһарымыздың басты алаңына жиылғандарға бұл күні қызғалдақтар таратылды. Осылайша, «Богатырский продукт» серіктестігінің өкілдері өңіріміздің қыз-келіншектерін мерекемен ерекше құттықтауға тырысқан. Қызғалдақтарды аламын дегендер ұзын-сонар кезек құрды. Сөйтіп, 10 мың дана гүл өз иелерін тапты. Ал мына жерде үлкен-кіші бүркіт, тазымен суретке түсіп жатыр. Оларды көкшетаулық Оралбек Хапсалам алып келген. Әсіресе, «Лашын» есімді 3 жасар құс көпшіліктің назарын өзіне аударуда.

Хапсаламдар отбасы ата-бабаларының жолын жалғап, жеті қазынаны күтіп-баптауды бұрыннан қолға алған. Бүркіт пен тазыларын үнемі аң аулауға шығарып, жарыстарға қатыстырып тұрады екен. Ал құсты осындай жерлерге әкелгенде қауіпсіздік үшін томағасын тастамайтын көрінеді.

Оралбек Хапсалам – бүркітші, Ақмола облысы:

– Қазір көзін шешсек ол отырмайды. Қағаздар ұшса, ол оны қоян не тағы басқа деп ұшып кетуі мүмкін. Сондықтан, қауіпсіздік үшін, тыныш отыруы үшін кигізіп қоямыз. Таза ет береміз. Бүлінген етті жемейді. Сондықтан, күніне 500 грамм таза ет береміз. Өзінің тұратын арнайы жері бар. Тазалықты сақтап отырамыз.

Биыл Наурыз мерекесіне орай 5 күндік демалыс берілген. Сондықтан, алаңсыз қыдырып жүрген солтүстікқазақстандықтар бір-бірін мейраммен құттықтап жатты.

– Наурыз мейрамы құтты болсын. Ақ мол болсын. Қорадағы мал аман болсын. Барлығыңызға жақсылық тіледім.

– Қызылжарлықтарды Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Барлығымыз осылай бейбітшілікте өмір сүре берейік.

– Концерттер болды. Көңіл-күйіміз жақсы. Жастарға түрлі шаралар ұйымдастырылыпты. Осылай Қызылжарымыз да гүлдене берсін.

***

Байболат Бектемірұлы – тілші: 

– Дөп тиді. Әз Наурыз мерекесін Уәлиханов көшесіндегі 19-шы үйдің ауласында халайық дүркіретіп тойлауда. Мұндағы тұрғындардың көңілі көтерінкі. Олар таңсәріден ән айтуда, би билеуде, дәм дайындап, ұлттық ойындарымызды ойнап жатыр.

Наурызда үй ауласы қазақы ауылға айналғандай. Мерекеде жұрт мәре-сәре. Бір-бірлерін мерекемен құттықтап, исі мұрын жаратын көл-көсір дәмнен ауыз тиіп жатыр. Жалпы, бұл жерде Самарқандтың көк тасы жібитін, күн мен түн теңелетін, жер анаға жылу сыйлайтын әз Наурыз мейрамын тойлау дәстүрге айналыпты.

Нұржамал Қожина – №23 орта мектебінің директоры:

– Бұл мереке – Ұлыстың ұлы күні былтыр да тойланған осы аулада. Тұрғындарға өте ұнады. Сондықтан, дәстүр бойынша биыл да сол мерекені жалғастырып жатырмыз. Барлық қала тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Қазақ елімізде бақытты өмір сүрейік.

Көп кешікпей тойдың негізгі бөлімі де басталды. Алдымен, жұртшылық алдына қазақы киімдегі қыздар шықты. Олар
“Қара жорға” биін билеп, думанның сәнін келтірді.

Салт-дәстүр де көрсетілді. Мәселен, көпшілікке тұсаукесер рәсімі ұсынылды. Үлкендер жағы сәбидің тұсауын кесіп, тілектерін білдіріп жаттты. Наурыз – жылдың басы. Жаңа жылымыз берекелі, мерекелі болсын деген ниетпен, апамыз маңайды аластап та өтті.

Әншілер қауымы да бейжай қалмады. Құлақтың құрышын қандыра ән шырқап, жиналғандардың көңілін көтерді. Балалар да мәз-мейрам. Олар асық атты, секіргіштен секірді. Сонымен қатар, аулада келушілер көлөнер шеберлерінің жұмыстарын тамашалады. Бұл дүниелердің барлығын 9-шы және 23-ші орта мектептерінің оқушылары мен “Ақбота” балабақшасының тәрбиеленушілері әзірлепті. Жалпы, кеш теріскейліктерге ұнады. Жерлестеріміз ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, халықты Наурызбен құттықтап жатыр.

– Ауланың адамдарына дендері сау болсын, балалары осындай қызықты көре берсін деймін. Тыныштық, Қазақстаным әрмен қарай жасай берсін деймін.

– Барша Петропавл халқын, барлығын мерекемен құттықтаймын. Осындай той көп болсын. Халқымыз жасай берсін.

– Наурыз мерекесін біз жақсы тойладық. Ән салдық, би биледік. Костюм кидік. Маған мейрам өте ұнады.

Ұлыстың ұлы күнін “Қызыл-Жар” тұрғын үй кешенінің тұрғындары да бірге атап өтуде. Мейрамды қалалықтар алғаш рет аулаларында тойламақшы. 2 апта бойы жүргізілген қызу дайындықтың нәтижесі – осы. Ұлттық тағамдар мен түрлі тәтті-дәмдіге толы дастархан жаюлы, қазанда палау пісіп жатыр. Мерекеге ортақтасқандардың бірі – Зоя Аткенова. Қарияның баласы мен немерелері басқа қалада тұратындықтан, ол әз Наурызды көптің ортасында тойлап жатқанына қуанышты. Нәзікжанды дастарханға сүрленген ет, шай ішуге шие мен бал алып келіпті.

Зоя Аткенова:

– Наурыз өзіміздің мейрамымыз, Жаңа Жылымыз. Ұлыстың ұлы күні қайырлы-құтты болсын, бақыт әкелсін.

Баршын Жүсіпованың жанұясымен жаңа үйге қоныс аударғанына 2 жылдай уақыт болыпты. Бірақ, әлі де көршілерімізді танып, білмейміз дейді. Сондықтан, Наурызды аулада тойлау туралы ұсыныс түскенде бірден келіскен екен. Отанасы мейрамның арқасында бір ауылдай тату болатындарына сенімді.

Баршын Жүсіпова:

– Ұлыстың Ұлы күні барлығымызға бақыт әкелсін. ПИК-қа осындай мерекені ұйымдастырғаны үшін алғыс айтамыз. Біліп-білмегендеріміз кездесіп жатырмыз.

Наурыз – отбасылық қана емес, барша жұртшылықтың басын бір шаңырақ астына жинайтын мереке. Балалар бірге ойын ойнап, көңіл көтеруде. Тұрғындар кішкентайлар үшін аниматорларды шақырыпты. Ал, концерттік бағдарламаны ұйымдастыру жағы жергілікті өнер иелеріне тапсырылған. Жас дарындар қызылжарлықтарды мейраммен құттықтап, ән-шашу арнады.

Мағжан Ахмадина, Байболат Бектемірұлы