Қоғам

Тәртіп сақшылары Жұмысшы кентінде Наурыз мейрамын тойлады

Полиция департаментінің қызметкерлері әз Наурыз мейрамына орай Жұмысшы кентінің тұрғындарына ауқымды мерекелік шара ұйымдастырды. Теріскейліктер концерттік бағдарламаны тамашалап, тәртіп сақшылары әзірлеген палаудан дәм татты.

Әз Наурыз мерекесінде тәртіп сақшыларынан құралған өнер ұжымдары күмбірлеген күйлерін орындап, тамылжыған әндерін асқақтата шырқауда. Полиция департаментінің басшылығы әз Наурыз мейрамын бұл жолы қаладағы Жұмысшы кентінде тойлауды жөн көріпті. Мерекелік шараға шамамен 200-ге жуық полиция қызметкері атсалысқан екен.

Сағындық Теміреев – СҚО ПД кадр жөніндегі басқармасы бастығының орынбасары:

– Жұмысшы кентінде өткізу себебі ПД бастығының халықпен кездесуінде олардың өтініші болып еді осы кентте Наурыз мерекесін өткізсе деген. Киіз үй құрылып, концерттік бағдарлама өткізіліп жатыр.

Бүгінгі той-думанға жиналған қауымға келін түскенде өткізілетін салттың бірі – беташар рәсімі көрсетілді. Дәстүр бойынша той алдында келіннің бетін ешкім көрмеуі тиіс. Сондықтан, екі абысыны жас қыздың алдынан орамал жауып ортаға алып шықты. Беташар жасалған соң, келінге ата-енесі мен үй-іші, туған-туыстары таныстырылады. Бұл рәсімді өткізетін адам олардың беделін маржан жырмен айта отырып, әрқайсысына жекелей сәлем салғызған.

Концерттен бөлек, алаңда ақшаңқай киіз үйлер қаз-қатар тізілген. Балалар алтыбақан теуіп, асық ойнап, мәре-сәре болса, үлкендер жағы ұлттық ойындарға қатысты. Жілік сындыру – қазақ жігіттерінің қайрат-күшін сынайтын дәстүрлердің бірі. Мұнда күшпен бірге айла-тәсілді де қолдану қажет. Әр қатысушыға 1 мүмкіндік беріледі. Оны 61 жастағы қала тұрғыны жақсы пайдаланып, жілікті бір ұрғаннан қақ бөліп тастады. Сондай-ақ, гір көтеруден де жарыстар ұйымдастырылды. Ерлермен қатар, бұл сайыста өз бағын нәзікжандылар да сынап көрді. Наталья Нохрина аталған спорт түрімен 6 жыл көлемінде кәсіби түрде айналысады екен. 16 келі гір тасты 24 жастағы Наталья еш қиындықсыз көтеруде.

Наталья Нохрина – қала тұрғыны:

– Мен үшін бұл жарыс өте жеңіл болды. Сайыста бізге 1 минут уақыт берілді. Мен осы жолы гірді 33 мәрте көтердім. Ал қарсыласымның нәтижесі менен бесеуге төмен.

Ал мына жерде тәртіп сақшылары аңқыған иісі мұрын жаратын дәмді палау әзірлеуде. Қазанда бабымен пісіп жатқан өзбектің ұлттық тағамынан ауыз тию үшін тұрғындар кезекте тұр. Мерекеге келген меймандарға 3 шатыр құрылып, ұзыннан-ұзақ дастархан жайылды. Тұрғындар тәтті бауырсақтан дәм татып, самауырда қайнатылған ыстық шәй ішті. Концерттік бағдарламаны тамашалап, ойындарға қатысқан жерлестеріміз мерекелік шараға тәнті болды.

– Бүгінгі мереке жақсы өтіп жатыр. Көңіл-күйіміз жақсы. Бүкіл қазақстандықтарды Наруыз мейрамымен құттықтаймын.

– Қазақтың дәстүрлері көрсетілді. наурыз көже болды. Бәрі жақсы өтті деп ойлаймын.

Сондай-ақ, мерекелік шара соңында тәртіп сақшылары көпбалалы аналар, тұрмысы төмен отбасылар мен зейнеткерлерге арнап шағын сый-сыяпаттарын тарту етті.

Молдир Шаяхмет