Қоғам

Наурыз мейрамы орталық алаңда да аталып өтілді

Ұлыстың ұлы күні – әз Наурызды қала тұрғындары орталық алаңда да дүркіретіп атап өтті. Мұнда тойшыл қауым үшін ақшаңқай киіз үйлер бой көтеріп, этноауыл орын тепті. Жиылған жұртшылық назарына қазақтың салт-дәстүрінен үзінділер көрсетіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

Биыл Ұлыстың ұлы күнін солтүстікқазақстандықтар наурыздың 14-інен қайта жаңғырған Көрісу мейрамынан бастап атап өтуде. Қаһарлы қыстан аман шыққан теріскейлік жұртшылық бір-біріне қонаққа барып, мұсылман күнтізбесіне сай жаңа жылға дайындық жүргізді. Бірақ, ауа райы әз Наурыздың келгенін енді ғана сезгендей. Таң сәріден күн шуағын шашып, нұрымен барша теріскейді бөлеп тұр.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Күн мен түннің теңеліп, жан-дүниені тірілткен, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз мерекесін қала тұрғындары орталық алаңда да дүркіретіп тойлап жатыр. Мұнда тойшыл қауым үшін ақшаңқай киіз үйлер бой көтеріп, этноауыл орын тепкен. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қазақтың ұлттық ойындарын ойнап, кіл мықтыны анықтауда. Ал, күннің екінші бөлігінде ретро-дискотека ұйымдастырылмақ.

Көтеріңкі көңіл-күймен шаһарлықтар ұйымдастырылған әрбір шараға ат салысуда. Бірі спортқа деген бейімдіктерін көрсетіп жатса, енді бірі әсем әннің ырғағына билеу үстінде. Ал ұлттық құндылықтарға қанығамын дегендер үшін киіз үйлер тігілген. Шаңыраққа кіріп, қазақ халқының салт-дәстүрлері және әдет-ғұрыптарымен танысуға болады. М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж студенті Гүлбақыт Жүніс болса келушілерге құрақ-көрпе тігу жайын айтуда. Бойжеткен 15 жасынан бастап қолөнерге ден қойыпты. Бұл іске бұрымдыны ақ жаулықты әжесі баулыған екен. Кейуананың қасында өскен Гүлбақыт алдымен ою оюды үйренсе, кейін жастық пен көрпе жасай бастаған.

Гүлбақыт Жүніс – М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледжінің студенті:

– Оюдың суретін салып, қырқып, жастық немесе көрпеше тігуімізге болады. Бұл әрбір қыз-келіншектің қолынан келеді деген ойдамын.

Тағы гуманитарлық колледждің білім алушылары жиналған қауым үшін қыз ұзату мен үйлену тойы сияқты қазақтың салт-дәстүрлерін көрсетті. Кейін қара жорға биін билеп, көрермендердің таңдайын қақтырды.
Химаншу Горда әз Наурызды алғаш рет тойлау үстінде. Үндістаннан білім қуып келген студентті барша ұлт өкілдерін біріктірген мейрам таң қалдырыпты. Әсіресе, ұлттық тағамдардың дәмі тіл үйіреді дейді азамат.

Химаншу Годра – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:

– Орталық алаңға келгенде барлық теріскейліктер мені мерекемен құттықтай бастады. Ерекше сезімдемін. Өте жарқын әрі көңілді мейрам екен. Барлығы ән айтып, би билеп жүр. Үндістанда түрлі мерекелер өте жиі өткізіліп тұрады. Атамекеннен жырақта жүргенім сезілмейді де. Айта кету қажет, биыл Ұлыстың ұлы күні біздің Холи мерекесімен тұспа-тұс келіпті. Жарқын бояулар мейрамын осылайша көңілді тойлап жатқаныма қуаныштымын. Әрбір отбасыны Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын.

Ұйымдастырылған концерттік бағдарлама кейін караокеге ұласты. Мұнда әрбір қазаққа таныс әндер шырқалды. Осылайша, Наурыз мерекесі тағы бір мәрте барша жұртшылықтың басын қосты. Тойшыл қауым бір-бірін мейраммен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Қуанышты сезімдерін қала тұрғындары біздің арнаға да жеткізді.

– Барша жұртшылықты наурыз мейрамымен құттықтаймын. Аспанымыз ашық болсын.

– Наурыз мерекесі – қазақ халқы үшін жаңа жыл. Сондықтан, мерекені жақсылап атап өткім келеді. Көңіл-күйім көтеріңкі. Барлық халықты мейраммен құттықтаймын.

– Үйде наурыз көже пісірдім. Қазір ет пісіп жатыр. Алаңға барлық отбасымызбен келдік. Елімізде әрдайым тиыштық болсын.

Эльмира Садвокасова