Қоғам

Жерлесіміз “Поле чудестің” жеңімпазы атанды

Поле чудес! Аталған бағдарлама осымен 30 жылға жуық уақыт ТМД елдерінің көрермендерін қуантып келе жатыр. Оған қатысу барлық жұртшылықтың арманы. Біздің отандастарымызды телешоудан көру өте сирек кездесетін жайт. Алайда, Сәуле Лёвина Қазақстанның намысын қорғап, бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

«Поле чудес» ойыны осымен 29 жыл бойы барлық отбасыны әр жұма сайын теледидар алдына жинайтын бағдарламаға айналды. Оған қатысып, өзінің бағын сынау әрбір көрерменнің арманы шығар. Бұл ойын петропавлдық Сәуле Левина сәтті жүзеге асырды.

Сәуле Левина – қала тұрғыны:

– «Поле чудесті» баяғыдан бері көріп жүрміз. Балаларымызбен әрдайым тамашалайтынбыз. Бірақ, Қазақстаннан өте сирек қатысатын.

Сәуле Левина жолдасымен бірге сканворд құрастырып, “Поле чудес” телебағдарламасына жолдаған екен. Кейін бұл туралы ұмытып та кетсе керек. Жарты жыл өткен соң Останкиноға шақырту келген.

Сәуле Левина – қала тұрғыны:

–  Жолдасыммен сканворд жасадық. Күйеуім осыны «Поле чудеске» жібер деп кеңес берді. Ойланып, толғанып, жіберіп көруді шештім. Кейін ұмытып та кетіппін. Балам келіп, саған поштаға хат келді деді.

Қуанышты хабарды алған соң нәзікжанды бірден Мәскеуге апаратын сыйлықтарды жинай бастаған. Сәуле Левина Леонид Якубовичке қазақтың шапанын жауып, ұлттық құндылықтарымызды көрсететін композиция ұсыныпты. Бірақ, басты тартуды қызы -Алина жасаған. 14 жастағы дарын иесі Останкинода «Балдәурен» әнін шырқап, дүйім жұрттың таңдайын қақтырды.

Алина Левина – Сәуле Левинаның қызы:

– Аздап қобалжыдым. Бірақ, әнді айта бастағанда барлығы су сепкендей басылды. Мәскеуде, Останкинода тұрғанымды ұмытып та кеттім. Млндаған адам тамашалайтын телебағдарламада Қазақстанды таныстырып, ән шырқағаныма қуаныштымын.

Бағдарламаның шығарылым тақырыбы «Татарстан» еліне арналыпты. Себебі, 1994 жылдың 15 наурызында бұл мемлекет ресми түрде Ресей Федерациясының құрамына енді. Атаулы датаға орай сұрақтардың барлығы республиканың тарихы, мәдениетімен байланысты болған. Бұған қарамастан Қазақстанның намысын қорғап барған Сәуле Левина жаңылмастан сауалдың жауабын тапты.

Ең қызықты сәт енді келіп жетті. Ойын барысында жинаған ұпайларды сыйлыққа айырбастау қажет. Жеңімпаз ойланбастан Санкт-Петербург қаласына екі адамға арналған турды таңдады. Бұндай шешімді ол бағдарламаны үйінде отырып, тамашалап жүргенде-ақ қабылдап қойған екен. Жаз айларында отбасы Ресейдің ең әдемі қалаларының біріне жол тартпақ. Бірақ, бастысы – сыйлықтар емес, телешоуға қатысқаннан алған әсер дейді Сәуле Левина!

Мөлдір Шаяхмет