Қоғам

«Радуга» серіктестігі Наурыз мейрамын тойлады

«Радуга» серіктестігінің қызметкерлері Наурыз мейрамын тойлауда. Олар концерттік бағдарлама ұйымдастырып, кең дастархан жайған. Компаниядағыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтауға мемлекеттік қызметкерлер мен депутаттар келіпті.

Наурыз мейрамын тойлауға серіктестік қызметкерлері көптеп жиылған. Салтанатты шара қазақтың қара домбырасымен орындалған күймен бастау алды.

Бұл туындыны «Радуга» серіктестігі цехінің басшысы Жақсылық Елеукенің өзі шығарған. 10 жылдан астам уақыттан бері зауытта еңбек ететін ол қазақтың белгілі композиторларының шығармаларын ғана емес, өзінің де күйлерін тартады екен.

Жақсылық Елеуке – «Радуга» ЖШС цехінің басшысы:

– Күйді кішкентай кезімнен шерте бергенмін. Дыбысты естігеннен соң күйді өзім келтіре беремін. Бірақ, мұның аты жоқ.

Қазақтың ұлттық киімдерін киген кәсіпорын қызметшілері осылайша жиылғандарға өз өнерлерін көрсетіп-ақ бақты. Ән-жырдан шашу шашылып, зауыттықтар би билеп, көңілдері бір марқайып қалды. Бұл күні «Радуга» серіктестігінде шағын көрме де ұйымдастырылды.

Евгения Пиягина – «Радуга» ЖШС бухгалтері:

– Біз жаңару мерекесін жыл сайын атап өтеміз. Осы жолы шағын көрме ұйымдастырып отырмыз. Мұнда ұлттық киімдер мен музыкалық аспаптар, ыдыс-аяқ, көрпелер мен кітаптар қойылған. Олардың барлығын серіктестіктегілер алып келді.

Концерттік бағдарлама аяқталған соң барлығы мерекелік дастархан басына жиылды. Жалпы, компания қызметкерлері Ұлыстың Ұлы күнін думандатып тойлауды дәстүрге айналдырған. Мерекелік іс-шаралардан қалыс қалмайтын мамандар өндірісте де жақсы нәтижелер көрсетуде.

Дмитрий Шарапаев – «Радуга» ЖШС бас директоры:

– Компания тұрмысқа қажетті пластикалық заттарды және азық-түлік өнімдерін шығарады. Бізде еңбек ететін 500-ден астам қызметкер күн сайын 350 тауар түрін шығарады. Өткен жылы кәсіпорын ірі көкөніс сақтайтын қойма ашты. Оның сыйымдылығы – 2 мың тонна. Алдағы уақытта сабын шығарып, тағы жылыжай салу жоспарда бар.

Өткен жылы кәсіпорын 15 млрд теңгенің тауарын саудалапты. Мұнда шығарылған өнімдер Қазақстан бойынша әрі Ресей және Қытай елдерінде сұранысқа ие.

Мағжан Ахмадина